Өзін-өзі тану пәні бойынша емтихан сұрақтары


Кәсіби білімдері мен іскерліктері



бет4/8
Дата11.05.2022
өлшемі0,9 Mb.
#142055
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
өзін-өзі тану 46-90
1611770133, Документ, Документ, Документ, ашық сабақ, 8 сынып ҚМЖ 3 тоқсан 43 сабақ, токтагулова
Кәсіби білімдері мен іскерліктері кәсіби даярлықтың негізін құрайды. Білімдер мен іскерліктерге ие болмаған педагог өзінің қызметін мүлде атқара алмас еді. Кәсіби білімдер әртекті келеді: ол – өзінің пәнін жақсы білу, педагогика, психология, әдістемелер саласындағы, өзге адамдармен қатынастарды орнату аумағындағы білімдері, өзінің кәсіби мұмкіндіктеріне қанық болуы.
Педагогикалық қабілеттері әр педагогтың, алайда әр дәрежеде ие болған тұлғалық әлеуетін сипаттайды. Дәл педагогикалық қабілеттер және педагогтың оларды өзінде анықтауы педагог болудың сәйкес кәсіби ниетін, педагогикалық іс-әрекетпен айналысу бейімдігін, педагогикалық еңбектің тиімділігін анықтайды.

  1. Рефлексия педагогтың өзін-өзі дамытуының негізі ретінде

Педагогты инновациялық іс-әрекетке даярлау құрылымындағы маңызды да міндетті компонент мұғалімнің өз санасының және қызметінің құбылыстарын танып-білу және талдау көрінісі ретіндегі (өз ойлары мен әрекеттеріне басқалардың тұрғысынан қарау) рефлексия болып табылады.
Рефлексия (латынның reflexio - «өткенге көз тастау» деген сөзінен шыққан) - субъектінің ішкі психикалық актілер мен күйлерді танып-білу үрдісі. Рефлексия ұғымы ең алғаш рет философияда пайда болды және индивидтің жүріп жатқан нәрселерді өз санасында ойластыру үрдісі дегенді білдірді. Рефлексия - бұл субъектінің өзін-өзі тануы немесе түсінуі ғана емес, сонымен қатар басқалардың оны қалай түсінетіндігін, оның тұлғалық ерекшеліктерін, эмоциялық реакциялары мен когнитивтік (танымға қатысты) қабілеттерін қалай білетіндігін аңғару. Мұндай аңғару мазмұны бірлескен іс-әрекет нысанасына айналып, реф­лексияның ерекше формасы - нысаналық-рефлексиялық қатынастар дамиды.
В.А.Лефевр рефлексияның түсінігін кеңейте түсті. Біріншіден, оның пайымдауынша, мұғалім өзіне қатысты «бақылаушы», «зерттеуші» және «бақылағыш» міндеттеріне қоса, өзгелерге қатысты «зерттеуші» мен «бақылаушы» міндеттерін орындаушы болса; екіншіден, ол «рефлексия деңгейі» мен «рефлек­сиялық жүйе» ұғымдарын алғашқы болып енгізді.
М.В.Кларин, шығармашылық ойлау ерекшеліктеріне тоқтала отырып, оның мазмұнын өз тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік беретін рефлексиямен байланыстырады. Бұл тұрғыдағы рефлексия ой-тұжырым жасау, қорыту, салыстыру, ұқсастыру, бағалау, толғану, есіне алу және мәселелерді шешуден тұрады. Ол сондай-ақ интерпретация, талдау, талқылау немесе бағалау мақсатындағы сенімдерді де қамтиды [80, 72 б.].
Рефлексияның әр деңгейі мұғалімнің мүмкіндіктерінің мазмұнын, түсініктері мен толғаныстарын анықтайды. Мүмкіндіктер шекараларының рефлексиясы, өзі мен басқалардың арасындағы айырмашылықтарды тұжыру кезінде қарама-қайшылық туындап, оны шешуге тырысады. Өзінің осал тұстарын өзгерту және ішкі мүмкіндіктерін пайдалануға ұмтылу мұғалімді инновациялық іс-әрекеттегі табысқа жетелейді.
Инновациялық іс-әрекетті жүзеге асыру кезеңіндегі рефлексия екі үрдіспен қоса жүреді: 1) мұғалім болжамдау кезеңіне қайта оралғандай болады, сол кезеңнен тұжырымдаманың жекелеген құрамды бөліктерін іздестіреді; 2) екінші үрдіс өз іс-әрекетінің рефлексиясымен, яғни мақсатты жүзеге асыру үрдісімен тығыз байланысты: мұғалім мүмкіндіктері мен сыртқы жағдайлардың ара қатынастарын талдау жүреді. Педагогикалық дағдылар, әрекеттер, инновациялардың мазмұны зерделенеді.
Өз іс-әрекеті мен оның компо­ненттерін (қажеттіліктерді, мотивтерді, мақсаттарды (олардың ара қатынастарын), мақсат пен нәтижелерге жету тәсілдерін) бағалау жөніндегі өзіндік алгоритмдерді меңгеру шарты ретіндегі өзін-өзі бағалау мұғалімнің рефлексиялық ұстанымының шарты болып та табылады. Мақсатқа қол жеткізу тәсілінің рефлексиясы кезінде іс-әрекет зерделенеді, бұл талдаудың табыстылығы педагогтың инновациялық іс-әрекетті жүзеге асырудың баламалық тәсілдемелерін іздеу, бағалау және таңдау қабілеттеріне байланысты.
Жаңалағышты енгізу салдарлары тұрғысынан іс-әрекет рефлексиясы бойынша іс-әрекет шарттарының өзгеруін талдау қажет. Жаңашыл-ұстаз бұл кезде жаңалағышты енгізу салдарларының өзіндік және бөгде бағаларын ажырата білу, одан кейінгі салдарларын көрегенділікпен болжамдай білу қабілетіне ие болуы тиіс.
«Рефлексия» - адамның өз істерінің мәнін түсіну, олар туралы ойлану барысында өзіне өзінің нені, қалай жасағаны туралы толық және анық есеп беруі немесе өзі әрекет барысында басшылыққа алған ережелер мен кестелерді мойындауы не жоққа шығаруы. Бұдан басқа да рефлексия жайында айтылған философиялық ойлар негізінен «адамның өзіне бағытталған зерттеу жұмысы», «өзіңнің ақылың мен рухыңды өзіңнің бақылауың » дегенге келіп саяды.
Мұғалімнің рефлексиялық қызметінің мақсаты: педагогикалық әрекеттің негізгі компоненттерін есіне түсіріп, олардың мәнін, алынған нәтиженің «дұрыс» не «бұрыс» болғанын дәлелдей алу, қолданылған әдіс пен құралдардың тиімді не тиімсіз болғанына байланысты өзіндік көзқарасын білдіру. Орындалып өткен әрекеттің нәтижесін зерттеу. Тек сонда ғана алдағы жұмыстарға дұрыс мақсат қойып, алға қарай шығармашылықпен жылжудың жобасын жасау мүмкін болады.
Психологиялық мұғалімнің шығармашылығын дамытудың қысқаша формуласын «тәжірибе + сол тәжірибенің рефлексиясы= даму» түрінде ұсынған Г.С.Сухобская мен Ю.В: Кулюткин екеуі бірлесе жазған педагогика оқулығында бұл үрдісті сипаттай отырып, оның мұғалімнің кәсіби әрекетінің өн бойында мына төмендегідей жағдайда байқалатындығы айтылды: біріншіден – мұғалімнің оқушының ойын, сезімдері мен іс – қимылдарын түсіну бағытындағы әрекеттесуінде; екіншіден – оқушылардың жас ерекшеліктері, даму мүмкіндіктерін ескере отырып оқыту үрдісінің мақсаттарын анықтау мен жобалауда; үшіншіден – оның өз әрекетін, сол әрекеттің субьектісі ретіндегі өзін талдауда. Тек сонда ғана мұғалімнің педагогикалық әрекетінде шығармашылыққа жол ашылады.
Рефлексияның мәні – адамның өзінің білімін, білімнің негізін, оларды меңгерудің жолдарын анықтау. Рефлексияны ойлау, ес, сана сияқты танымдық үрдістер адам табиғатына тән болғандықтан олардан бөліп қарауға болмайды.
Мұғалімнің шығармашылық әлеуетінің дамуы үшін оның әдіснамалық рефлексия жасай алуының мәні зор. Бұл – мақсаткерлікті талдай алудан басталады. Өзінің нақты жағдайы мен болашағының бағытын саралай, аралық мақсаттарды анықтай алумен сипатталады.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта отырып, айта кететін жайт -рефлексия үрдісі жеке-дара сипатқа ие. Мұғалімнің инновациялық іс-әрекеті бойынша рефлексиялық ұстанымының белсенуінің педагог тұлғасымен, оның өзін-өзі дамытуға бағдарлануымен байланысты екендігі сөзсіз. Бұл үрдістің қайнар көзі болып мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетінде сезінетін қарама-қайшылықтарының жүйесі саналады, сондықтан да оқу-кәсіби іс-әрекет барысында рефлексиялық ұстанымды өзектендіре түсетін, жағымды өзіндік қабылдауды қалыптастыратын, өзін-өзі көрсету үрдістерін ынталандыратын жағдайларды жасау қажет.
Рефлексиялық сана мектептегі белгілі бір инновацияларды жасақтау мен тексеру үрдісін бақылап, іс-әрекеттің барлық кезеңдерін ой елегінен өткізеді. Сондай-ақ инновациялық іс-әрекет кейде санаға бағынбауы да мүмкін, соның ішінде бағдарламаларды, мақсаттарды құру кезеңінде санадан тысқары жатуы да мүмкін. Ол көбінесе педагогикалық іс-әрекеттің саналы немесе санасыз, реттелмейтін немесе реттелмейтін тәсілдері мен формалары арқылы жүзеге асырылады.
Іс-әрекетті саналы реттеу кезінде мұғалім оны жүзеге асыру мазмұны мен тәсілдеріндегі өзгерістерді аңғарып, мақсатқа жетуге кедергі туғызған нысандарды оңай анықтайды. Педагог туындаған кедергілерді (ерекшеліктерін, себептері мен өзі үшін салдарларын) ғана көрсетіп қоймай, сол кедергіні қабылдаушы, оның мақсатқа жетуге кедергі немесе түрткі (немесе бейтарап нысан) екендігін бағалаушы, өзінің ол кедергіні жеңе алмайтындығын, оған деген көзқарасын өзгерте алмайтындығын, нақты іс-әрекет пен «Мендік тұжырымдама» шекараларының өзгеру салдарларын бағалаушы ретінде көрсетеді (мұғалім өзінің алдына «Бұл кедергіні жеңе аламын ба?», «Енді не болмақ?», «Мен қандаймын?» деген сұрақтарды қойып, оларды шешуге тырысады) [83]. Бұл кезде инновациялық іс-әрекетте оның жаңа нұсқаларын болжамдау, модельдеу үрдістері қарқындатылады. Рефлексияның бұл кезеңінде мұғалімнің өз тәсілдері мен қатынастарының мазмұнын өзгертуге қатысты танымдық іс-әрекеті жандандырылады. Бұл өзгерістерді түйсіну мен бағалау нәтижесінде педагогта инновацияларды дамыту перспективалары мен мүмкіндіктері пайда болады.
Рефлексиялық іс-әрекеттің келесі кезеңінде мұғалім өзіне іс-әрекетіне түзету енгізуші, қиындықтарды жеңуші субъект ретінде баға береді. Ол бағалау шкалаларын өзектендіріп, өзін толғандыратын мәселеге сәйкес күрделілерін қалыптастыруға, өзінің педагогикалық мәселелерді дұрыс немесе бұрыс шешетіндігін түсінуге, өз іс-әрекетінің шекараларына пайымдылықпен қарауға қабілетті. Іс-әрекеттің табысты аяқталуының рефлексиясы нәтижесінде «Мендік тұжырымдамасы» жақсы дамыған мұғалім қанағаттану, өзіне деген сенімділік, еркіндік және бақыт сезімдеріне бөленеді. Мұндай педагог тұлға ретінде таныла алады, өйткені мектепке жаңалағыш нысанды енгізу мақсаттарына жету жолында тұлғалық және рухани өсудегі кедергілерді жеңетіндігіне бек сенімді.

  1. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасын жүзеге асыру шарттары мен қағидалары

Сара Алпысқызы Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» рухани- адамгершілік білім беру Бағдарламасы» қоғамды рухани-адамгершілік тұрғысынан өзгерту мәселелерін шешуге арналған. Сондықтан қазіргі таңда барлық мектептерде өзін-өзі тану пәні жүргізіледі. Және де қосымша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №208 бұйрығымен «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасын» оқу-тәрбие үдерісіне интеграциялау» пилоттық жобасын іске асыруға байланысты білім беру ұйымдары тартылды. Оқушы тұлғасының жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған жан-жақты тұтас дамуы үшін бірыңғай рухани –адамгершілік кеңістік қалыптастыру мақсатында әрбір пилоттық білім беру ұйымының миссиясы білім беру үдерісіндегі әрбір субъектінің ішкі әлеуетін ашу үшін жағдай туғызу болды.
Пилоттық білім беру ұйымдары «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы» негізінде жалпыадамзаттық құндылықтарды оқу пәндерінің мазмұнына, сыныптан тыс жұмыстар мен қосымша білім беру, ата-аналармен жұмыс, әкімшілік-әдістемелік іс-шараларға жүйелі түрде енгізіп, жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде педагогикалық ұжымдар интеграцияланған сабақтарды ұйымдастыру мен өткізуде біршама жетістіктерге жетті. Қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе – мектеп оқушыларын рухани дамыту, яғни өзінің өмірдегі орнын, атқаратын міндетін, дүниенің күрделі құрылымын түсіну және өзін – өзі үздіксіз, бірқалыпты жетілдіру.
Рухани даму тұлғаны қалыптастырудың өзегі болып табылады. Даму күрделі, қозғалмалы үдеріс болғандықтан, тәрбие арқылы ұрпақты жетілдіру тәжірибесінің мүмкіндігі мол. Сондықтан да «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы негізінде пилоттық білім беру ұйымдарында тәрбие жүйесін құру бойынша «Мектеп (балабақша, колледж) – сүйіспеншілік мекені» (2021 – 2024 жж) пилоттық жобасының негізгі мақсаты – «Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік білім беру Бағдарламасы негізінде білім беру ұйымының тұтас білім беру кеңістігінде білім алушы тұлғаның жан-жақты үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін ғылыми негізделген педагогикалық жағдайлар кешенін іске асыратын тәрбие жүйесін құру.
Пилоттық жоба Бағдарламасында тәрбие жүйесі туралы былай делінген: тәрбие жүйесін жүзеге асыратын білім беру ұйымы жоғары тиімділікпен және тұрақтылықпен әзірленген тұжырымдама негізінде оқушылардың жеке тұлғалық дамуы мақсатын тек оқу-тәрбие үдерісі шеңберінде ғана емес, сонымен қатар тәрбиеге табиғи, материалдық, пәндік-эстетикалық және әлеуметтік ортаны қосу арқылы жүзеге асырады. Тәрбие жүйесі «Өзін-өзі тану» РАББ Бағдарламасы негізінде білім беру ұйымының тұтас білім беру кеңістігінде жүзеге асырылады, оның құрамына оқу-тәрбие үдерісі, қосымша білім беру, оқудан тыс жұмыстар, ата-аналармен қарым-қатынас, қоғаммен өзара әрекеттестік сияқты салалар кіреді.
Білім беру ұйымдарының тәрбие жүйелерінің педагогикалық тиімділігінің негізгі шарты – ұжымдағы ортақ мақсаттармен, бірлескен іс-әрекеттермен, адамгершілік қарым-қатынастармен біріктірілген педагогтардың, оқушылар және ата-аналардың біртұтас қоғамдастығының болуы. Тұтас білім беру кеңістігін құрайтын оқу-тәрбие үдерісі, қосымша білім беру, оқудан тыс жұмыстар, ата-аналармен қарым-қатынас, қоғаммен өзара әрекеттестік «тәрбие», «білім беру», «оқыту» арқылы тұлғаға сырттан ықпал ете отырып жүзеге асырылады және олар тұлғаның өзіне ғана байланысты емес.
Тәрбие бір ұрпақтың тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үдеріс, осы арқылы адамды дамытады. Тәрбие барысында адамның дамуына басшылық жасалады. Адам дамуға жаратылысынан қабілетті болғандықтан, нәтижелі тәрбие тұлғаны дамытады. Оның бойында дамуға ықпал ететін Құдыретті Күш бар. Оны Рухани Бастау деп атаймыз. Осы Құдыретті Күш – дамудың қозғаушы күші. Адамды дамытудағы оған ықпал ететін сыртқы жағдайлар нәтижелі болу үшін ол оның жан дүниесімен үйлесімділікте болу керек. Білім беру – қоғамда адамды дамыту жағдайын арнайы ұйымдастыратын жүйе.
Жалпыадамзаттық құндылықтарды оқудан тыс қызметтің барлық бағыттарының мазмұнына интеграциялау: әлеуметтік, жалпымәдени, жалпызияткерлік, спорттық-сауықтыру, кәсіптік бағдарлау және тағы басқалар. Білім беру қызметін ұйымдастырудың заманауи нысандары мен әдістерін, мысалы, квестерді, пікірталастарды, акцияларды, марафондарды апробациялау. Мысалы, «Менің азаматтық ұстанымым», «Мен әлемді қалай өзгертемін», «Қамқорлық көрсету – адам руханиятының негізі», «Жақсылық жаса!». Жобалық қызметті ұйымдастыру.
Жалпыадамзаттық құндылықтарды қосымша білім беру мазмұнына интеграциялау: факультативтік сабақтардың, үйірмелердің, клубтардың және басқа авторлық бағдарламаларын әзірлеу; ата-аналардың оқу-тәрбие үдерісіне қатысуын жандандыру, ата-аналар қоғамдастығын рухани-адамгершілік тұрғысынан ағарту: ата-аналар үшін тәрбие жүйесін дамыту, оқу-әдістемелік орталықтарды біріктіру, нормативтік-құқықтық құжаттар мәселелері бойынша лекторийлер, ата-аналар университеттерін ұйымдастыру.
«Сүйіспеншілік педагогикасы» шеберлік сыныптарын, мектепте және оқушылардың қоғамдық бірлестіктерінде ашық тәрбие іс-шаралары мен мерекелерін, отбасылық жобалар конкурстарын, «Балалық шақ үшін серіктестік», тақырыптары бойынша интерактивті ата-аналар жиналыстарын, сыныптағы балалар арасындағы қарым-қатынас мәселелері туралы талқылаулар өткізу, отбасылық клубтарды, ата-аналардың қоғамдық бірлестіктерін құру; демалыс уақыттарында отбасылық демалыс, отбасылық білім туризмі инфрақұрылымын кеңейту, отбасылық командалар, ансамбльдер, жобалық топтар үшін конкурстар, фестивальдар өткізу; ата-аналардың БАҚ-та, әлеуметтік желілерде өз пікірлерін жариялауы, мысалы, «Мектеп бізге көмектесті…», «Мейірімділік – отбасылық қатынастардың негізі» және тағы басқалар.
Қорытынды. Адам өмірінде әлеуметтік ортаның маңызы зор, егер орта жағымды болса тұлғаның рухани жетілуіне ынтасын арттырады, ал орта жағымсыз болса – теріс ықпал адамгершілікке қайшы келетін істерге бағыттауы мүмкін. Сондықтан ортаның жағымды әсерімен қатар жағымсыз әсері де болады. Жағымды ортада тәрбиеленген рухани дамыған тұлғаның көрсеткіштері мыналар: басқаларға жанашырлық білдіру; өзге адамға жақсылық тілеу; адамдарға көмек көрсету; айналадағы өмірді жақсартуға ұмтылу; өмір туралы мәселелер жайында толғану; өмірдің мәнін іздеу; өзін-өзі дамыту; жетілу арқылы бүкіл дүниені жетілдіру.
Сондықтан, пилоттық білім беру ұйымдарында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы» негізінде сүйіспеншілікке, сенімге негізделген оқушының әлемді және өзін интуитивті тұрғыдан ұғынуына, өзін-өзі зерттеуіне жағдай жасалынған шығармашылық шабыт атмосферасы құрылған тәрбие ортасын құрудың маңызы зор.

  1. Қазақтың Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев, Ж. Аймауытов,М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Торайғыров және т.б. ақындар мен жыраулардың, ағартушылардың өмірбаяндары мен шығармашылықтарын, еңбектерін, дереккөздерін зерделеу. Белгілі бір қазақ ағартушысының өкілін таңдап, оның рухани-адамгершілік идеяларымен сәйкес өмірлерінен мысалдар мен шығармашылығы туралы эссе жазу және қазақ халқының адамгершілік идеалдары туралы белгілі бір өлеңін таңдап, жаттау.

Балалардың бойында жас кезінен бастап ең маңызды адамдық саналарды – адамгершілікті: сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірімділікті, адалдықты және басқа да асыл қасиеттерді дамытуымыз қажет. Мұғалімнің ең негізгі міндетінің бірі баларға адамгершілік құндылықтардың маңыздылығына ден қоюға үйрету.
Баланың сана-сезімін, адамгершілік мұраттарын қалыптастыратыны-тәрбиенің ең бірінші рухани міндеті. Рухани-адамгершілік тәрбие барысында әрдайым өз мұраттарын басты нысана етіп ұстау қажет. Себебі, баланың көз қарасы оның күнделікті іс-әрекетімен сәйкес келмесе, олар ойлауға шебер, бірақ іс-әрекетке, қарым-қатынасқа жоқ адамдар болып шығады. Рухани тәрбиесі дұрыс жастар әрқашан жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, өз идеаларына ұқсауға ұмтылады. Таңдаған болашақ мамандығына лайықты мінез-құлық қалыптастырғысы келеді. Кейбір оқушылар алғашқы кездескен қиындықта-ақ өз күшіне сенімсіздік тудырып, бастаған ісін аяқсыз қалдырады. Оқушының жақсы қасиетке ұмтылған ниетін мұғалімдер кезінде біліп, қиын психологиялық сәттерден байқап, оған қолдау көрсетіп отырған болса мектептерде қайшылық жағдайлар кездеспейді Рухани-адамгершілік туралы айтқанда біз тәрбие салаларын толық қамтимыз. Себебі олар бір-бірімен тығыз байланысты. Тұлғаның өмірге, еңбекке көзқарасын, дүниетанымын қалыптастыруда оқытуды тәрбиелеуді өмірмен байланыстыруда рухани-адамгершілік яғни адалдық, кішіпейілдік, ниеттілік, жомарттылық, жауапкершілік т.б. қасиеттерді дамытады.
Әрбір халықтың рухани мұрасында әлемдік мәдениеттің жалпы қазынасын байытатын құнды ойлар болатыны белгілі. Халықтың бай рухани мұрасын зерттеу тек осы мәселені зерттеушілер үшін ғана маңызды емес, сонымен қатар бүгінгі күнгі адамдардың өзара адамгершілік қатынастарын дұрыс пайымдау үшін де қажет, болашақта адамзаттың адамгершілік процесінің заңдарын дұрыс түсінуге көмек береді.
Кез-келген дамудың мұраты сабақтастық идеясымен тұтас байланыста екендігі белгілі. Осыған байланысты біз ақын-жыраулардың дүниетанымының қалыптасуына ықпал еткен идеялық бастауларға тоқталғанды жөн көрдік. Өйткені, олардың өздерін де, шығармашылығын да халық даналығының қайнар бұлақтары суарып отырды. Олардың қатарына ерте түркі әдеби ескерткіштерін, дала тайпаларының әлеуметтік-саяси, адамгершілік, философиялық көзқарастарының белгілі дәрежеде квинтэссенциясын білдіретін мақал-мәтелдер түріндегі халық ауыз әдебиетін жатқызуға болады. Дүниетанымның қалыптасуына исламға дейінгі және ислам діндері де үлкен ықпалын тигізді. Адам жанын ашылған кітаптай оқитын, туған даласымен физикалық тұрғыда да, рухани тұрғыда да байланысты болған бізге белгілі және белгісіз данышпандардың шығармашылығындағы уақыт жібінің сабақтастығы дәл осындай өлшем арқылы айқындалады.
Абайдың философиялық ой-толғаулары – қазақ даналығының ең биік шыңы. Адамның жанын, халықтың өзінің рухын қалыптастыратын жазушылар, философтар, ақындар болады және оларсыз өмір сүрудің өзі қиын. Абай олардың қатарына жатады. Оның шығармашылығының адамгершілік деңгейі өте жоғары. Қазақтың бұл ойшыл-ақыны өз халқының рухани өмірімен, өзінің өмір сүрген дәуірімен берік әрі етене байланысты, ал өз заманымен біте қайнасқан адамның аты өшпейтіні, мәңгілікке қалатыны белгілі. Дегенмен, неге Абайға біз жаңашылдық іздеп қайта-қайта ораламыз? Мүмкін, ол үшін адамның әрқашан құпия екендігімен түсіндіруге болатын шығар. Өйткені Абайдың өзі туралы «мен бір жұмбақ адаммынң деп жазуы кездейсоқ емес. Абайдың шығармашылық мұрасы терең философиялық ой-аңсарға толы: ол өзі үшін философияның негізгі мәселесі – адам проблемасын байыптылықпен өткір түрде алға тартып, адамның өнегелі қасиеттері туралы ілімді дамытады, адам баласының иман тұрғысынан жетілуінің адами қағидаларын қозғайды, философиялық, эстетикалық, этикалық тұрғыдан адамның таным қабілеттері мәселелерін қарастырады. Абай қазақтың қоғамдық ой-санасыңда шындықты философиялық тұрғыдан ұғынуды жаңа сапалық деңгейге көтерді. Абайдан бұрынғы қазақ тұрмысының айнасы болған ой санамыздың ірі өкілдері, Абайдың ізашарлары: Бұхар жырау, Дулат, Шортанбай, одан ілгеріректе өткен Қазтуған, Шалкиіз, Жиембеттер, уақыт рухын, халықтың ой-арманын өз өлеңдерімен бейнелеген, жарқын да қайталанбас сөз суреткерлері, ерекше де терең ойшылдар болғанымен, олар негізінен өткенге қарайлаумен болды, дүниені тек шығыс мәдениеті тұрғысында қарастырды, ал өмірді көбіне статикалық тұрғыдан бейнеледі. Ойшыл ретінде тек Шығыс мәдениетінің бесігінде қалыптасып қана қоймаған, дүниетанымында Батыс пен Шығысты ұластыра білген Абайдың көзқарастары мүлде соны. Ол қазақтың қоғамдық ойында алғаш рет дүниеге даму мен өзгеру, жүйелілік, экзистенциалдық тұрғыдан зер салуға ұмтылыс жасады.
Абай Құнанбаевтың дүниетанымының генезисі, оның өзекті мәселелері толық қарастырылған болып көрінгенмен, алайда өзіне бүгінгі заман тұрғысынан қарауды талап ететін кейбір қырлар, бұрын әртүрлі қасіретті тарихи жағдайларға байланысты жеткілікті дәрежеде ашылмады, ілгеріректе белгісіз болып келді. Халық рухын, халық тарихын поэзия түрінде философиялық ойды бере білуді Абай өмір мен өлім туралы ойларға, қазақ халқының бірлігі мен топтасуы жөнінде ойларға толы, жеке адамның еркіндігі, адам құқы, махаббаты үшін күрес идеяларымен өткірленген қазақ эпосынан алды. Абай Құнанбаевтың дүниетанымы көптеген тұстарда қазақ эпосының дүниетанымымен үңдес. Шындығында, ортағасырлық араб-парсы тілді философияның, араб мәдениетінің, араб-мұсылмандық Шығыстың Абай Құнанбаев дүниетанымының өрістеуіне, қалыптасуына әсері, абайтануда қалыптасқан пікірлерден әлдеқайда жоғары. Арабтық Шығыспен Орталық Азия елдері, Қазақстан арасындағы байланыстар, бүгінде жалпыға бірдей танылған араб және батыс еуропа мәдениетінің байланыстары, өзара әсерінен әлдеқайда тығыз екені даусыз.
Шығыстың ұлы ақындары: Фирдоуси, Низами, Хафиз, Жәми, Сағди, Науаи, Сайхали және басқа тұлғалар Абайдың өмір бойы жанында жүрді, ол солардың поэзиясымен тәрбиеленді, олардың рухымен тыныстады, олардың поэзиясына тән поэтикалық жарқылға, әлемді таңдандырушылыққа, жоғары рухқа, үндестікке табынды. Олардың туындыларымен көптеген ұқсастықтарды Абай шығармашылығынан кездестіреміз, дегенмен шығыс ойшылдары мен ақыңдарының ойларымен әсіре¬се, Абайдың Адамды түсінуі, оның адамға деген махаббаты, адамның рухани күшіне сенімі неғұрлым үндестік тауып жатады. Шығыстың ұлы ойшылдары секілді Абай өзінің адамдарға арнаған: "Адам бол!" деген атақты қағидасы - оның шығармашылығының негізгі желісіне айналды. Ақын қоғамның гүлденуіне адамның имандылығының жетілуі жолымен қол жеткізуге болады деп сенді.
Қазақ ойшылының гуманистік көзқарастарының қалыптауына үлкен әсерін тигізген Шығыстың рухани мәдениеті және қазақ фольклорында бейнеленетін халықтық дүниетаным Абайдың шығармашылық күш-қуатына ұзақ уақыт бойына /40 жасқа дейін/ нәр берген негізгі бастаулар болды. Абай Құнанбаев қазақтардың кенжелеп қалуы мен өмірдің барлық кемшіліктерін байлардың мал шаруашылығындағы шарасыздығымен, жалқаулығымен де байланыстырды. “Бұл кемшіліктер адамдардың көп мал табамын деп қана қам жеуінде, – деп жазды ол, –- әрі сол арқылы өзіне қоршаған ортасынан құрмет талап етуінде. Егер олар егін шаруашылығымен, саудамен айналысса, ғылымға және өнерге ұмтылса, онда бұндай жағдай болмас еді”. Абай адамның рақымды болуы оның құдай тағаланың көрінен қо-рыққандығына байланысты емес, оның өз қылықтары үшін ар алдында, ақыл-ойы, өзін қоршаған адамдар алдында жауапкершілігін сезінуімен деп есептейді. Абайдың философиялық тұжырымдамаларында "еңбек" ұғымының айрықша орны бар, өйткені қазақтың ойшыл-ақынының еңбектің адам өміріндегі мәні туралы айтылмайтын шығармасы жоқ деп әсірелеусіз айта аламыз. Еңбек әрекетін Абай адамның рухани, ақыл-ойының калыптасуының негізі деп есептеді: "Ақыл, ғылым – бұлар – кәсиби". Ол сонымен қатар, еңбек адам жанын түлетеді, ал еңбектен алыс жүретін жалқауларда жаман әдеттерге бейімділіктер көп кездесетінін келтіреді. "Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады", – деп жазады ол "Ғақлиясында". Еңбек, халық атына еңбек ету – адамның мінез-құлқы мен іс-әре-кеттерінің өлшемі, ең жоғарғы игілікті іс деп сенеді ойшыл. Халыққа қызмет ету идеясы, өз мүддесінен халық мүддесінің басымдылығы Абай шығармашылығының арқауы болып өтті.
Біздің көзқарасымызда жазушы Абайдың философияның негізгі өсиеттерін талғампаздықпен өте дәл айқындады, оның өн бойында адамға деген гуманистік идеялар тұнып жатқан болатын. Абай ғұмыр бойына адамдық идеяларын ұсынды, ол адамды шыққан тегіне, қоғамдағы дәрежесіне, ақсүйектігі мен байлығына қарап бағаламауға; адамның адамдарға жасаған жақсылығына, оны рухани дүииесіне қарап бағалауға үңдеді, рухани қасиеттер - адам өміріндегі басты нәрсе деп есептеді. Нұрлы ақыл мен ойлы жүрек адамды бастап жүруге тиіс, сонда ғана оның еңбегі мағыналы, ауқаттылығы орынды. Ол адамның ішкі әлемі әрқашан даму үстінде болатынын байқап, өзінің негізгі философиялық принципі "Адам бол!" дегенді имандылықтың жетілуі тұрғысынан түсінді. Басқа да ағартушылар секілді Абай да қоғамның жақсаруына имандылықты жетілдіру жолымен қол жеткізуге болады деп, ал оның жоғарғы міндетін халық игілігіне жарауға ұмтылу деп білді. Ойшыл-ақынның философиялық идеясы эстетикасымен тығыз өріліп жатыр. Абайда имандылықты жетілдіру – бұл этика мен эстетиканың бірлігі, ол белгілі бір эстетикалық құндылыққа ие. Ол үйлесімді тұтастықты іздеуді өнер, сөз, поэзия арқылы жүргізеді, тірліктің күйкілігін эстетикалық тәрбие жолымен жеңуге, шындық өмірмен байланыстағы сөз құдіретімен адамдарға әсерін тигізуге әрекет етеді. Өз поэзиясының өмірлік негізі жайлы былай деп жазады: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, жоқ-барды ертегіні термек үшін". Абай поэзияның мазмұнына, өлеңдердегі ойға үлкен мән берді: "Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы?".
Абай үшін табиғат өэгеріссіз материалды, нақты, тамаша әрі адаммен, әлеуметтік ортасымен тығыз байланысты. Ол нақтылы шындықты ақын көзімен қабылдайды, яғни оны әсемдіктің тұлғасы ретінде ұғынады, Абай өзінің "Адамның кейбір кездері" өлеңінде: "Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, Ащы тіл. Не жазып кетсе, жайы сол, Жек көрсеңдер өзің біл", – дейді.
Абайдың эстетикалык көзқарастарына, оның қазақтың қоғамдық ой-санасындағы сұлулықты, әсемдікті жаңаша түсінуіне, қоғам өміріндегі өнердің орнын білуге жалпы орыстың қоғамдық-философиялық ойы, орыс эстетикасы үлкен ыңпалын тигізді. Біз жоғарыда, Абайдың ақындық өнерге, поэтикалық шығармашы-лыққа, өнердің қоғам өміріндегі орнына көзқарастарында төңкеріс жасауға әсер еткен Семейдегі жер аударылушылармен қарым-қатынасы деп атап өттік, бұл түсініктер /сол кездегі қазақтардың қоғамдық үстемдік еткен/ бойынша, өлең, ән, музыка шығару – жарамсақ ақындардың өзіне нан табатын үлесі деп бағаланатын. Абай мұнан кейін - өзін сол кездегі дала аристократиясы жек көретін ақын деп атаудан қорынбады, ал поэтикалық өнерге құрметпен қарады. Ол шайырлық және философиялық шығармашылық жолына түсе отырып, өнерді бай-шонжарлардан сый-сияпат алу құралына айналдырып, сонысымен өнердің биік атағын төмендеткен, алтын сөзді мысқа айналдырған қазақ ақындарын әшкерелеген көптеген өлең жолдарын жарыққа шығарды.
Абай жасөспірім шағынан бастап өз дәуірінің бел ортасында болды, дәуірдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы оның әлеуметтек-саяси қөзқарасында, көркем шығармашылығында және іс-әрекетінде айқын әрі дәл көрінді. Абай өзінің көрнекті рухани сапарын ерте сезінді және де биік міндетіне қатысты қателеспеді деп ойлаймыз. Абай адам үшін ұлы бақыт халықтың қайғы-қасіреті мен ауыртпалығын жеңілдету деп біледі, оның жоғары міндетін адамдарға зор пайда әкелу деп бағалайды. “Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың”, - деп жазды қазақ ойшылы. Абай өзінің бүкіл шығармашылық күш-қуатын адамдық игіліктерге, ақиқат адамдық болмысты іздеуге, Адамға лайық өмірге ұмтылуға сарп етсе, сондай-ақ оның ізбасарлары – Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытұлы өздерін ұлы қазақ ойшылының шәкірттеріміз деп есептеген, оның ісін жалғастырушылар болды. Олардың шығармашылық мұраларына талдау жасау – бұл ойшыл-дардың көптеген мәселелерді мүлде тереңнен қозғағанын, ал олардың ұсынған ой-толғамдарының бағасын бүгінгі күні ғана нақтылай бағамдауға болатынын көрсетеді. Мәніне жете үңіле қарасақ, олардың өз заманынан оза туғандығын сеземіз, себебі қазіргі кезеңде олардың бұдан жетпіс-сексен жыл бұрын айтып кеткен проблемаларын шешу үстіндеміз. Абайдың ізбасарлары қазақ фольклорына, Шығысқа, Ресей мен Батыстың рухани мәдениетіне бет бұруды тоқтатқан жоқ, өз көзқарастарында Шығыс пен Батысты ұластыра отырып, олар Абайдың поэтикалық дәстүрлерінің, оның философиялық, этикалық, эстетикалық қағидаларының толыққанды жалғастырушылары, мирасқорлары болды. Абай секілді олар да өз шығармаларында адами тіршіліктің бірлі-жарым фактісін өмір туралы тұтастай философиялық жинақтау сатысына дейін жеткізді, ал адам проблемасы олар үшін өзекті мәселеге айналды, осыны шешу арқылы басқа да мәселелерге жауап табуға ұмтылды.
Абайдың шәкірттері, оның идеяларының өзіне тартар әсерімен рухтанып, ұлы қазақ философ-ақынының шығармашылығының желісін құ-раған әсемдікке, сұлулыққа ұмтылды, әсіресе оның мәңгілікке, өмірдің мәнін іздеуге құрылған, адам қасиетінің биіктеуіне бағытталған оның ой-толғамдарының құрылымын айрықша бағалады. «Талабым, таяғым, жігерім, азығым, маңдайыма ұстаған ақын Абай - қазығым...ң, деп шын ниетімен жазады Жүсіпбек Аймауытұлы 19І8 жылы “Абай” журналында.
Абай шығармашылығының, адамшылық жаңғырық-үні, оның тартымдылығы мен жоғары құндылығы - оның адамды жаңарту жолдарын іздеуде, оның рухани дүниесін байытуға ұмтылысында, оның күш-жігері мен қабілетіне сене отырып, жетілдіруге жағдай жасауға талпынуында жатыр. Абай, адам дүниенің жиынтығы, жаратылыстың шыңы, қоғамның негізі мен тамыры деген ұйғарым жасады. Оның әділдік мұратын, имандылық талаптарын қалыптастыруға үндеп, әрбір адамға арнаған "Адам бол!" деген қағидасының мәні күні бүгінге дейін көкейкестілігін жоғалтпаған.
Абай идеяларының дәл осы өзектілігі мен қажеттілігі қазіргі уақытта сегіз мыңнан аса атауларды құрайтын Абай туралы орасан зор әдебиетті өмірге әкелді. Бұл ұлы ақын-философқа деген қызығушылықтың кеңдігі мен тереңдігін ғана білдіріп қоймай, Абайдың өз заманының айнасы болғандықтан және бұл айнаға зер салмай қазақ халқының тарихын да, дәстүрін де, идеялық ұмтылысын да, өткені мен болашағын да танудың, ұғынудың мүмкін еместігімен сипатталатын белгілі бір заңдылықты түсінуден хабар беретін тәрізді.
Құдай – өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді. Абай дінбасылары мен діни надандықты, фатализм мен екіжүзділікті атеизм тұрғысынан емес, Қазақстан ағартушы-демократтарының көбісінде кездесетіндей, “нағыз” дін немесе рационалдандырылған дін тұрғысынан сынады. Дінбасыларының насихаттап жүрген соқыр сеніміне Абай ақыл мен танымды қарсы қойды. Немесе, оның өз сөзімен айтқанда “алла табарака уа тағаланың шәріксіз, ғайыпсыз, бірлігіне, барлығына, ...хақтығына бірден дәлел жүргізелік болып, ақылы дәлел испат қыларға керек”.
Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Оны біржақты бағалауға, бір бояумен көрсету мүмкін емес. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын деуге болады. Біріншіден, сыртқы дүниенің қисынды тұтастығын, өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам "... көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады"– дейді.
Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде, отыз сегізінші сөзінде жан-жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды алла жаратты деген тұжырым жасайды. “Мен” және “менікі” деген философиялық мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымға келеді. Ақынның ойынша “мен” – ақын, жан, “менікі” – адам тәні. “Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, “менікі” өлсе өлсін, оған бекі” деп, тән өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты – ақыл дейді.
Көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен диалектикалық тұжырымдардың бейнесін көруге болады. „Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”деген өлеңінде:
Жас қартаймақ, жол тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек,-
деп, отыз екінші қара сөзінде:
Дүние — үлкен көл,
Заман – соққан жел.
Алдыңғы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер, -
деп, дүниенің өзгерісте, дамуда екенін болжайды. Мұнымен бірге әр нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс деген пікір айтады. Өлеңдер мен қара сөздеріне зер салып қарасақ, көптеген философиялық мәселелерді қарастырып, өзіндік ой-пікір, тұжырым жасағанын байқаймыз. Шығармаларының басым көпшілігінде өмір, өмірдегі адамның орны, оның мақсаты, мұң-мұқтажы туралы ой шертіледі. Ендеше, философияның негізгі мәселелері Абай шығармаларында кеңінен талқыланады деуге болады.
Ақынның эстетикалық және этикалық мәселелер жөніндегі ой-пікірлері сол кездегі қоғамдық ойдың үлкен белгісі болып табылады. Оның “Құлақтан кіріп бойды алар”, “Құр айғай бақырған құлаққа ән бе екен” деген өлендерінде әннің, күйдің адам сезіміне әсер етер қуатты құдіреті, шипалы шапағаты көркем суреттеледі. Әсіресе, жақсы ән мен тәтті күйдің ассоциативтік ой туғызып, адмның өткен өміріндегі ең бір тамаша кездерін еске түсіретіндігін шебер көрсетеді. "Жазғытұрым", "Жаз" деген өлеңдерінде табиғаттың көркем бейнесін ардақтап, оның адам ойы мен сезіміне шипалы әсер ететіндігі баяндалады. Абай көркем сөздің эстетикалық маңызына ерекше көңіл бөлді.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жүмыр келсін айналасы”,-
деп өлеңнің “іші алтын, сырты күміс” болуын, бөтен сөзбен сөз арасы былғанбауын, әркімді мақтап қайыр тілеуге арналмай, адамгершілікті, инабаттылықты дәріптеу керектігін баса айтады.
Абай шығармашылығындағы негізгі тақырып моральдық проблемалар десек қателеспейміз. Еңбекке, ғылымға мойын бұрмай, ауыл арасында бос қыдырумен күнін өткізген пысықсымақтар жөнінде:
Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері - қу борбай сымпыс шолақ, -
деп, өмірін бос өткізіп жүрген жастарды қатты сынайды. Әсіресе, пайдасы үшін арын сатқан, екіжүзді адамдарға жиіркенішпен қарайды. Жастарды азғырып, ру тартысы, болыс сайлауының партия таласына баурап жүрген ауыл атқамінерлеріне:
Ары кеткен алдамыш
Мені-ақ алда сөкпейін.
Балы тамған жас қамыс,
Ормасайшы көктейін, -
деп ренішін білдіреді. Жастарға ғылым таппай мақтанбауды, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сияқты мінездерден аулақ болуды кеңес етеді.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де – бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!, -
деп, әр адам қоғамда өзінің орнын алуы керектігін, ол үшін өнер мен білімге ұмтылуы қажет екендігін айтады.
Қоғам өмірін түсінуде Абайдың көзқарасы, әрине, заман талабына сай болды. Ол кездегі қазақ халқының әлеуметтік даму даму деңгейі төмен болуының себебінен қоғамның шынайы заңдылықтарын дәл анықтау өте қиын еді. Дегенмен, ақын алғашқы кезде әлеуметтік істерге біраз араласып, орта жүз руларының басы қосылған Қарамола съезінде 76 баптан тұратын жаңа заң ережелерін ұсынады. Қазақ даласында реформалар енгізуге талпынады. Алайда, ескі тәртіпті берік сақтағысы келген бай-манаптар және отаршыл саясатты қолданған патша өкіметі бұл реформаларды аяқсыз қалдырды. Орыстың алдыңғы қатарлы демократтарымен таныс болып, пікірлескен Абай реформалық талпыныстарының жүзеге аспайтынына бірте-бірте көзі жетеді. Кедейлердің жоқшылық тұрмысын "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай" тағы басқа өлеңдерінде өмірді реалистік тұрғыдан суреттейді, қалың бұқараның ауыр тағдырына жаны ашиды, құтылар жол іздейді.
Ұлы ақын да Шоқан, Ыбырай сияқты қазақ халқының шырғалаңнан құтылар жолы – білім игеру, кәсіпті дамыту, аянбай еңбек ету деп біледі. Әсіресе, еңбекті дәріптейді.
Еңбек етсең ерінбей
Тояды қарның, тіленбей...
немесе,
Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық.
Сақалан сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық, – деген сөздерде қанша философиялық тұжырым, ой жатыр. Аянбай еңбек етудің арқасында ғана адам дұрыс тұрмыс құра алады, ағайын-туысқа шапағаты тиіп, құрметке бөленеді деп тұжырымдайды. Абайша, сену үшін алдымен түсіну қажет. Оның бұл ойлары Пьер Абеляр, әл-Фарабиге жақын. Абай адам мәселесін оның қайшылыққа толы қоғамдық болмысының аясында қарастырады. Осыдан келіп адамның әлеуметтік белсенділігі, шығармашылық мүмкінділігінің шексіздігі туралы идея туады. Ал Адам — өз тағдырының қожасы және құрушысы. Адам тіршілігінің бірегейлігі, жердегі тіршілігінің құндылығы әр адам жанының қайталанбас сонылығы идеялары - Абай тұжырымдамасындағы негізгі идеялар. Өз шығармаларында ол адамға мейірбандық көрсету, сұлулыққа ұмтылу - жоғары имандылық қасиетінің белгісі, көрінісі деп айтудан жалықпайды. Адамдардың әр түрлілігі жайлы айта келіп, Абай әр адамның өмірде өз орнын табуының маңыздылығын атап көрсетеді. Адамның өз орнын, өзін табуына жол сілтеу, бағыт беру – ағартушының, бұқараны тәрбиелеушінің бірінші міндеті осы деп біледі. Осыдан келіп “Адам бол!” деген Абай философиясының негізгі принципінің мағынасы мен мәні ашыла түседі: әр адам өзінің шығармашылық мүмкінділігін іске асырып, өзін жетілдіре алады және жетілдіруі тиіс. Абай - ұлы гуманист. Ол құдай идеясын адамнан жоғары сырт күш деп қабылдайды. Өлмес жан туралы, мәңгілік, шексіздік жайлы ой қозғағанмен, бұл ұғымдар діни мағынада емес, әл-Фараби секілді игі істер мен ойдың әлеумет жадындағы мәнгіліктілігі деген түсінікте келтіріледі. Абай әредік “мен” және “менікі” деп адамның рухани дүниесіне тән тіршілігін, биологиялық болмысын қарама-қарсы қояды. Әйтсе де бұл қарама-қарсылықты жан мен тән дуализміне дейін өрбіте қоймайды. Осылайша Абай адам мәселесін этикалық, қоғамдық-саяси, т.б. қырларда ғана қарастырып қоймай, толық философиялық дәрежеде ұғынуға ұмтылғанын атап өтуіміз қажет. Өз халқын шын пейілімен сүйген Абайға жалаң ұлтшылдық, шовинизм, діни төзімсіздік жат. Ол өз халқын бір орында тұрып қалмауға, тұйықталмауға, рухани байлықтарын әр халықтың, соның ішінде орыс халқының жетістіктерімен байытуға шақырды. Абайдың өмірі, шығармалары терең адамгершілік мағынаға ие және ағартушылық-тәрбиелік мәні жағынан баға жетпес құнды дүние.
Қорыта келе, ағартушылықтың пайда болуы қазақ қоғамының дамуы барысында қалыптасқан, ұзаққа созылған дағдарыстан шығу жолын қарастырудың аса қажеттілігі нәтижесінде туған заңды құбылыс екенін ескеру қажет. Қазақ ағартушыларының философиялық ой-толғауларына шолу жасау барысында көп ауыртпалық пен қиындықты басынан кешірген, бірақ бұл қиындықтарға мойымаған қазақ халқының даналығына тағы бір рет көзіміз жетеді. Ізгі өнегелерін сақтаған халық мәңгі жасайды, ал өнегелілігін жоғалтқан халық құриды деген анық, әрі дана пікірді мойындаймыз.
Қорыта айтқанда, рухани адамгершілік тәрбиесіндегі басты мәселе – баланы құрметтеу. Өзінің оқушысын өз бетінше білім мен тәрбие алуға үйретпеген мұғалім қазіргі түпкі нәтижеге қол жеткізе алмайтыны белгілі.



  1. Баласағұнидың «Құтты білік» еңбегіндегі ақиқаттың маңыздылығы», «шынайы көшбасшының қасиеттері» тақырыптарына арналған эссе жазыңыз. Кітаптағы белгілі бір ұнаған жерлерін жаттау.

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» Шығыс мәдениеті үшін дәстүрлі этикалық-дидактикалық стильде жазылған, тәрбиелік мәні бар шығарма. Дастан рухани, адамгершілік-этикалық энциклопедия ретінде үлкен қызығушылық тудырады, онда сол дәуір қоғамының тарихы, мәдениеті, діни көзқарастары көрсетілген. Оны эпикалық шығарма ретінде бағалауға болады, онда адам өмірінің мәні мен мазмұны, адамның әлеуметтік және жеке қарым-қатынасы туралы сұрақтар автордың философиялық көзқарастары қарастырылады. Автордың этикалық және моральдық принциптері әділеттілік, ақыл, бақыт, қарапайымдылық ұғымдарымен айқын көрінеді және нақты бейнелерде бейнеленген.
Жүсіп Баласағұн «Құтты Білік» сол кездегі қоғамдық құрылым-барлық әлеуметтік топтардың орны мен рөлі, қоғамдық нормалар мен ережелер туралы бай ақпараттан тұрады. Философ жақсылық пен жамандық, шындық пен өтірік, жомарттық пен ашкөздік, сақтық пен ұстамдылық сияқты ұғымдардың диалектикасы туралы айтады.
Дастан төрт жоғары ұғымға негізделген: әділеттілік, бақыт, ақыл, қанағат. Жүсіп Баласағұн 4 ұғымның әрқайсысына ат қояды және бір-бірімен дауласатын, әңгімелесетін, бір-біріне сұрақтар қоятын және оларға жауап беретін кейіпкерлерге айналдырады. Шығармада білім мен тәрбие бірінші орынға қойылған. Кәдімгі және отбасылық өмірдің нормаларына үлкен мән беріледі, өйткені бәрі отбасынан басталады.
«Құтты білік» дастанында негізгі ой-адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, берік ету. Дастан мазмұны өте астарлы, терең түсініктерге толы. Оған ерекше үңіліп, зерттей қарар болсақ, шығарманың өзегі - толық адам екенін танимыз. Дастандағы құт-береке бақ - толық , жетілген адамның еншісі. Ақынның айтуынша құттың кілті - кісінің ділі, тілі, қылығын бірдей қамтыған жан-жақты жетілуі мен кемелденуі. Дастан мазмұнынан құт-береке, бақытқа өз әлемін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі - дастанның ең басты идеясы.
«Құтты білік» дастанының мазмұнынан ұғарымыз кісі өзін-өзі құрметтеп, кісілікті болып көрінсе, өзіне ғана тән қасиеті мен тірлігін танытады, кісілерге жақсылық жасап,адамдығын асырады. Әйтеуір тірі жүріп кісі атана қою қиын, әркім де кісілік жасап қана адам атанады. Тірліктің де, адам болудың да ақтауы мен кепілі - кісілік пен адамдық. Жүсіп Баласағұнның адамдық пен кісілікті шексіз құрметтеп, дәріптеуін бұрыннан білеміз. Дастанның бүкіл мазмұны кісіліктің қадір-қасиеті, мән-мағынасы, қыр-сырын әңгімелеуге құрылған. Ақын әр адамның аты мен затына лайық кісілік, адамгершілікпен өмір сүруін құт-береке, бақыт деп біледі. Ақиқатты әркім өз ақыл ойымен, өресінің жеткен әсеріне дейін ғана танып келеді десек те, ақынның адамдық пен кісілікті құт көруі - көпшілік көңіл қойып қабылдай қоятын шындық.
Сонымен, ғұлама ақынның «Құтты білік» дастанында көтерген ең басты мәселелердің бірі - ел басқару мәселесі. Елді, мемлекетті қалай басқару керек, ел басқаратын адамда қандай қасиеттер болуы шарт. Міне, ол осы сауалдарға өз заманының оқыған, көзі ашық, ойшылы жауап береді.

  1. Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» оқып, «Абай шығармаларындағы тылсым дүниенің мәңгілік идеясы»тақырыбында эссе жазыңыз

Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» оқу. «Абай шығармаларындағы тылсым дүниенің мәңгілік идеясы», «Абай шығармаларындағы мәңгілік пен уақытша дүние арасындағы ажырату идеясы», «Абай шығармаларындағы рухани сүйіспеншілік пен тән құмарлығы арасындағы ажырату идеясы», «Абай шығармаларындағы мәңгілік ақиқат идеясы» тақырыптарының біріне эссе жазу.
Абай Құнанбаевтың Жетінші қара сөзіне талдау
Жас бала анадан туғанда екі түрлі болып туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, хәм өзі өспейді; қуат таппайды. Біреуі білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр – жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай – керней болса, даусына ұмтылып, онан ер жетіңкірегенінде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді. Мұның бәрі-жан құмары, білсем екен, көрсем екен; үйренсем екен деген.
Бұл жерде Абай жалпы адам баласы өмірге түрліше келетінін сонымен қатар адам да тән мен жан құмарының болатынын сипаттайды. Тән құмары деп отырған жалқаулық, еріншектікті сипаттайтын іспетті. Демек бұл қатардағы адамдар ішсем, жесем, ұйықтасам дейді екен. Сонымен қатар ішпесе, жемесе адам қуатталмайды, яғни жан мен тән егіз дегендей. Екіншісі жан құмары бұл өмірде білсем, көрсем деп көрінгенге қызушылығы. Яғни адам өмірінде жақсыны көрмек, жақсылыққа ұмтыл дегенге саяды. Адамды жаратқанда бар және жоқ дүниеге қызу соған ұмтылу бұл адамның адамдық белгісі. Дүниенің көрінген хәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдылықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жан болмай, хайуан жаны болады.
Егер үйренуге білуге ұмтылмаған адам жаны адам емес хайуанмен тең қылады. Бұл деген адам өмірде адам болып қалыптасу үшін алдымен талпыныс, ізденіс керек. Хайуаннан адам артылықкшылығы осы тән емес жан құмарлығының жоғарылығы. Бірақ бұл жас сәби мен жас балалық шақта орын алатын жан құмарлығы адамның өмірге құштарлығы. Әлбетте адамды барлық заттан ірі жаратты сондада адам да қанағат кетіп, жан емес тән биледі. Барлық істеген еңбек нәтижесі құмарлана жиған қазына түбі тән құмарлығы. Бір хадисте бар екен ей пендем қарекет етсең берекет берем деп сол айтқандай еңбекке білімге ізденіске құштарлық. Абайдың бұл қара сөзінде адамның ғылымға құштарлығының болуында насихаттайды.
Біреу ақыл айтса: «Өз білгенің – өзіңе, өз білгенім – өзіме», «кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол» деген дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз. Адам болып қалу адамның басты шарты яғни білімге ғылымға құштар бола отырып адам өзінің адамгершілігін сақтау бұл адамдықтың белгісі.
Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде, хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандылығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер - тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз. Демек адамның артықшылығы сол барлық тіршілік иесінен иманға сауаттылыққа тәрбиелеп тұр. Бұл қара сөзі арқылы Абай атамыз адам өзінің тән құмарлығын емес жан құмарлығын жоғары ұстау керек екендігі оның ішінде білдім, толдым деп емес әрине әрдайым білімге, дүниеге құштар болу керек екендігін айтады. Сонымен қатар өзін білмесең үлкеннен сұра үлкен жоқ болса кішіден сұра. Адам өзін ақылды санауда пасықтық тән құмарлығы дейді, және де адамдардың білмесе білем деп ақылгөйситіндерін де тілге тиек еткен.
Абай ақынның жетінші қара сөзін талдай келе ақынның философиялық, психологиялық ақылы өте күрделі екенін түсіндім. Абай ол осы қара сөздерді жазу арқылы қазақ қоғамына дұрыс тәрбие беру болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет