Сабит Муканов. Молдир махаббат



бет11/12
Дата14.05.2022
өлшемі269,92 Kb.
#143259
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
мөлдір мах
29.09.2021, 20Б, сай, m-hanbet-ali-lyny-tar-keze-romanynda-y-ltty-a-arman-beynesi

10. БҰЛ НЕ ТЫМ-ТЫРЫС


Желеңім мен жеңді қамзолымды қолтықтап, көйлек сыртынан жеңсіз қамзолымды киіп, Мүсәпірмен тысқа шықсам, «әуе айналып жерге түсті» дегендей, бұлтсыз аспанда шаңқиған күннің күйіп тұруы сұмдық екен!.. Басымда жекейлеу құндыз бөркім бар-ды. Аяғымда шұлғаулы етік. «Күнге күйсе шашыңның түсі кетеді» деп әжем бөркімді басымнан алдырмайтын. «Бәтеңке» дегенді ол кездегі ауылдың қызы кимейді. «Қызға аяғын көрсетуге болмайды» деп, «қыз болғаннан» кейін әжем етігімді де төсекке жатқаннан басқа уақытта тастатпайтын. Елде жүрген уақытта күн қанша ыстық болғанмен, бөркім басымды, етігім аяғымды пысынатпайтын еді. Енді, Күзеннің үйінен шыға, төбемнен төмен қарай сорғалай жөнелген тер бақайшағыма бір-ақ тоқтағандай боп, отқа қақтаған мұздай ерідім де кеттім... Сол халымды көрген Мүсәпір:
— Айтсам тіл алмадың, Бәтес!— деді маған.— Әлі де айтам: тастап кетші, қолтығыңдағы киімдерді!
— Жоқ, тастамаймын.
— Ендеше мен алып жүрейін!— деп Мүсәпір қолтықтағы киімдерімді еркімнен тысқары суырып алды.
— Жеңсіз қамзолын мен бөркіңді өз қолыңа ал!— деді ол маған.
— Алмаймын.
— Неге? Терлеп кеттің ғой.
— Оқасы жоқ,— дедім мен. Іштей ойлап тұрғаным: ертеректе біздің елден хажылыққа барған бір топ адам жұқа киімнен ыстық өтіп қырылып қалғанда, «Алдайбай» деген қазақы кісі, «жылы киімнен күн өтпейді» деп, аяғына байпасы етік, үстіне қалың жүн күпі, басына түлкі тымақ киіп ап елге өлмей келді десетін. Менің де сол Алдекең құсап, ыстықтан жылы киіммен қорғанғым келді де, денедегі киімді жеңілдетудің орнына, Мүсәпір қолтықтаған бешпентімді сұрап ап, сыртымнан киіп алдым. Мүсәпір:
— Жұрт күледі ғой бұныңа!—деп күліп еді:
— Күле берсін,— дедім мен,— күлгеннен өлген қиын болар!..
Мүсәпір бастаған жаққа қатарласып жүріп келем. Тұла бойымнан тер сорғалап келеді. Ішкі киімдерім денеме жабысып қалғандай боп, жүруіме бөгет жасайды. Қонышымнан су құйылғандай, аяқтағы шұлғауым да былжырап кетті. Ал күн жоғарылаған сайын қайнай түсіп, ішіңе тартқан ыстық леп, кеңірдегіңді күйдірген сияқтанады. Мүсәпірдің өзі мынадай ыстыққа үйреніп қалған адам ба, әлде терлемейтін кісі ме? Жылтыраған бетінде жалғыз тамшы байқалмайды.
— Киіміңді жеңілдетсең қайтеді?—дейді менің ауыр халымды көрген Мүсәпір. Оның сөзі көңіліме ұялағанмен, термен денеме жабысқан ішкі киімдерімнен ұялам да.
— Ештеңе етпейді!— деген болам.
Күзеннің үйінен «қала» дегені көп жер екен. Мүсәпірдің «ал, енді кірдік, қаланың шетіне» деген сөзінен бастап, тағы бір пәлеге ұрындық. Қызылорда жерінің боз топырағы бұрқылдақ келеді екен. Жолшыбай жолыққан бірен-саран көліктердің аяғынан көтерілген бозғыл шаңның өзі құмықтыра жаздап еді. Енді, қалаға кіре, ерсіліқарсылы жүрушілер көбейіп, бұрқыраған шаң қалың тұман болды да кетті. Және жәй тұман ба ол?.. Аузы-мұрныңа толатын шаң емес пе?.. Ып-ыстық шаң!.. Мұндай шаңға үйренбеген мұрным әлсінәлсін түшкіртіп мазамды алған соң, аузымды ашсам, қою, ыстық шаң көмекейіме құйылып, қақалып өліп қала жаздаймын. Содан ұ
кейін түшкірсем де аузымды ашпаймын. Шаңның толас жерінде маған көзі түскендер, «мына қызды қараңдар, күн күйіп тұрғанда оранып-шымқанып алған!» деп, «пысынамай қалай келеді?!» деп, «қыстың масағы қалған қыз емес пе, өзінде!» деп, «елден жаңа келген бір сорлы да» деп, «есалаң қыз болмасын өзі!..» деп күлісіп өтеді...
Біраздан кейін шаңға да үйреніп жан-жағыма көз тіксем, есек мұндай көп болар ма Қызылордада!.. Ерсілі-қарсылы жосылған есекте қисап жоқ. Көбінің үстіне отындар, шөптер, толтырылған қапшықтар артылған. Кейбіреуіне өзінен үлкен добалдай кісілер мініп алған. Енді біреулеріне әлдекімдер мінгесіп алған. Соншама жүкті көтеріп, маймаңдай басатын есек, не деген мықты мақұлық еді. Өз денесі сиықсыз есектің құлындары әдемі болады екен. Оның атын «қодық» дейтінін бір адамның екінші адамға «қодығың, адасып қалды!» деген айғайынан, анау адамның, есектің адасқан құлынын алып келуінен білдім.
«Қаланың орталығы» деген тұста шаң бәсеңдеді. Мана Есектас «иншалла» деп атаған аппақ нәрсе, бұл кешенің әр бұрышында үлкен қазандарда лық толып тұр. Сатып алғандардың ыдысына иесі ожаумен іліп ап беріп жатыр. Жан-жақтан «нишалла!» деп шулағандар құлақты тұндырарлықтай. Базары жақын көше ме, әлде көшелерінің тәртібі сондай ма, қолдарыңа әртүрлі киім-кешек ұстап «алыңдар!» деп дабырласқандар қойдай өреді... Мүсәпір кідіріп:

  • Киімдерің ұрланып кетті ғой, үстіңдегіңді ауыстырып киетін көйлек-көншек алмаймыз ба?—десе:

  • Қайтесіз оны?—дей салам мен.

Тегі, менің ішкі ниетім сатып алуын жақсы көріп келе жатыр деп жорыған болу керек, Мүсәпір бірер жерде:
— Осыны алам!—деп етек-жеңі сымдай көйлектерге сөйлесе бастаса:
— Кимеймін, ондай көйлекті!— деймін мен.
— Ендеше матадай әперермін, біреуге тіктіріп аларсың,— дейді Мүсәпір.
Сөйтіп отырып, әлде не бақшаға кіріп кеттік. Ондағы ағаштардың көлеңкесімен жүріп отырып, әлде не алаңға жеттік. Соның шығыс жағында тұрған, терезелері көп, сұрғылт кірпіштен қаланып, төбесінің қаңылтыры қызыл бояумен боялған ұзынша үйді:
— Институт осы!—деді Мүсәпір.
Үйге кірсек, коридоры толған жастар екен. Ішінде ұлдар да, қыздар да көп. Кейі қалаша, кейі ауылша киінген.
— Өзіңдей оқуға келгендер!—деді Мүсәпір маған сыбырлап, олардың арасынан өтіп бара жатып. Әлдене бөлмеге таянғанда:
— Жолдыбаевтың кабинеті осы,— деді Мүсәпір,— сен тұра тұр, мен кіріп шығайын.
Ол бөгеліңкіреп барып шықты да, «жүр, көрсетейін, таныстырайын» деп мені шақырды. Екеуміз кірсек, стол жанында, үстінде кенеп қамзолы бар, шашын да, сақал-мұртын да тақыр ғып қырыққан, семіз денелі, жалпақ бетті, қалың ерінді адам отыр екен.Столдың бер жағында бірер мосқал кісі отыр.
— Осы қыз ба? —деді жуан, мен есіктен кіре.
— Ие, Молдеке!— деді Мүсәпір. Маған «Молдағали Жолдыбаев осы» деп сыбырлап қалды.
Молдекең қасы қалың қабағын бір көтеріп, бір түсіріп, томпақтау үлкен көзімен денемді бастан-аяқ шолып алды да:
— Бүлдіршіндей әп-әдемі бала екен,— деді күлімсіреген кескінмен, серіктеріне,— бұндай қызды ауылдың қу белсенділері жолдан қағып ап, қаланың оқуына жібермейтін еді, бұдан қапыда қалай айырылып қалды екен?!
— Бірталай мәні бар, Молдеке, оның,— деді Мүсәпір,— сізге кейін айтармын.
— Қайтесің айтып,— деді Молдекең,— жұрттың биографиясын жинап драма, я роман жазғалы жүрген кісі емеспін. Ауыл оқуға қыздарының шетке шығарған мегежіндерін ғана жібермей, мынау баладай сымбатты сұлуларын араластыра жіберсе болғаны. Әрине, түр-тұлғасымен, кескін-кейпімен ақылды болмайды адам. Орыстың кәзіргі әйелдерінде Лидия Сейфуллинадан сиықсызы және кескінсізі жоқ, ал жазуға одан күштісі жоқ. Анна Караваева да жақсы жазушы, бірақ ол сымбатты да, сұлу да адам. Қай елдің болса да әйелдерінде осындайлары аралас келеді. Орыстың кәзіргі оқушы қыздарын алсаң да сондай аралас. Ал, әзірге оқуға келген қазақ қыздарын алсаң, көбі түрсіз! «Қыздарымыздың бәрі осылардай» дейін десең, осы Қызылордадан ауылға беттеп шықсаң-ақ, нелер сұлу қыз-келіншекті әр жерде кездестіре бересің. Соған қарағанда, ауылдың қулары, оларды қалаға жеткізбей қағып алатын сияқты...
р
— Молдеке,— деді қасындағылардың мосқалдау біреуі, күлімсіреген кескінмен Молдағалиға қарап, мені қолымен нұсқап,— анау баланың аяғын талдырдың ғой, сұлулықтың философиясын айтам деп... әрі қалаға жаңа келген баланың сымбатына сын айтам деп ұялтып?..
— Немене ұялғаны бар?—деді Молдекең:—«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт құты қашсын» деген. Біреудің бойында бар сұлулығын айту — ұялту емес.
— Отыр, шырағым!— деп Молдекең маған анадай жерден орын нұсқап еді, мен сыпайылық көрсетіп отырмай, рахмет айтқандай басымды идім.
— Ибалы бала болсаң, көп жаса!.. Бақытты бол!—деді де,— ал, шырағым!— деді Молдекең, маған енді байсалды кескінмен.— Түутүу алыстағы Торғайдан келген қыз екенсің, сені алмағанда кімді аламыз оқуға. Институттың даярлық курсының біріншісіне түсетін. Оған да алты жылдық білім керек. Ал сенікі төрт-ақ жылдық екен. Солай ма?
— Солай,— дедім мен.
— Ынта қойып оқысаң, бірінші даярлағыш курсты алып кетуің мүмкін. Жете ме, оған ынтаң?

  • Тырысып көрем.

  • Әкеңді Мүсәпір айтты. Білем ол кісіні. Енді азып кетпесе, бұрын зиялы адам болатын. Оқуға түсер алдында қояр шартым мынау болады: институтты бітіргенге дейін институттың қызы боласың, яғни, қамқорлығыңды институт мойнына алады. Оған дейін оқудан басқаны ойламайсың.

  • Басқа не ойлар дейсің?—деді қасындағыларының жастауы күліп.

— Айтпа, сөз емес сөзді!— деді Молдекең оған жекіп,—«Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегендей, бой жетіп қалған қыз емес пе, бұл? Сұлуға құмарлар қалада да қаптап жүрмей ме?.. Солардың біреуі басын айналдыра қоймауын қайдан білесің?..
— Рас айтам, шырағым!— деді Молдекең маған қарап,— институтты бітіргенше жігітті ойлама, оқуды ойла! Жігіт ешқайда қашпайды, оқу қашады. Оқуды жасыңның осы бір шағында ұстап меңгеріп алмасаң, біраздан кейін қандай жүйрікке мініп қусаң да жеткізбейді. Түсінікті ме?
— Түсінікті!— дедім мен.
— Ендеше, жаз, «қабылданды» деп!» — деді Жолдыбаев, қасындағылардың жастауына.
— Экзамен ше?— деді ол жымиып.
— Қайтесің, түу-түу Торғайдан келген қыздан экзамен сұрап? Ала бер!.. Оқи алмаса өзінен көрер!.. Бара бер, қызым! — деді ол маған. — Аты-жөніңді ертең кеп жаздырарсың да, тиісті қағаздарыңды аларсың. Бүгін қол тимей жатыр.
— Рахмет, аға!— дедім Молдекеңе басымды иіп, есікке қарай беттей беріп.
— Тұратын пәтерің, бар ма еді?— деді ол артымнан.
— Жоқ!— дедім мен тоқтап, артыма бұрылып.
— Ендеше, ертең жатақханаға да аламыз!.. Бүгінше бара тұр!..
Тысқа Мүсәпір екеуміз бірге шықтық.
— Не деген жақсы кісі, әлгі Молдекең?— дедім мен.
— Иә, жақсы кісі! Әлгі сөздері — қалжыңы. Солай ойнап отыруды ұнататын адам. Көңіліңе ауыр алған жоқсың ба, ол сөздерің?
— Неге?—дедім мен,— ақыл сөздерді ауыр ап, жындымын ба? Ең, жанашыр адамның сөзі емес пе, айтқандары?..
— Ал, енді бір жерге барып тынығуымыз керек емес пе?—деді Мүсәпір.
— Әрине!— дедім, шаршаудан бойым салғырт тартып, ұйқы да торлай бастағандай боп есінеген мен.— Бірақ, қайда?..
— Күзеннің үйіне жайсыз кезінде апарам деп шошытып алдым ғой, өзіңді. Енді ғой, бармайсың оған?
— Басымды кессең де!..
— Ағасының үйіне барамысың онда?
— Қайдағы?
— Айттым ғой таңертең, «бұның Қарсақ деген ағасы бар» деп?
«Осы қаланың орталығында тұрады» деп?
— Айтқасың. Бірақ, інісі анадай, ағасы қай жөнді дейсің.
— Олай деме. «Бір биеден ала да туады, құла да туады» демей ме қазақ? Бірге туған апаң, — Кәкен мен өзіңнің араң қандай? Бұлар да сол сияқты. Ғажап жақсы кісі Қарсақ. Әйелі — Бөдене де қадірлі кісі. Екеуі де меймандос, қонақжай, барын қонаққа беретін, дастарқандары кең, қолдары ашық адамдар. Нанбасаң, барып көрейік.
— Өзге таныс үйің жоқ па?
— Таныстар бар, бірақ, олардың бәрі бірдей пәтерші жібере бермейді. Және «үсті-басымыз кір-қоң» дегендей, бұл қалпымызбен қайда барамыз? Қарсақтың үйі иіс-алмастау. Ертең жатақханаға орнығатын болдың ғой. Бүгін сол үйде болайық.
— Оқасы жоқ,— дедім мен, Мүсәпірді бетке қаға бермейін деп.— Ремонт болып жатыр деп ең ғой пәтерінде, онысы бітті ме екен?
— Бара көрейік.
Қарсақтың пәтері қызық жерде екен: кең орамды айналдыра салған тапалтақ, төбесі жайпақ, тұтас үйлердің біреуінде де көшеге қараған терезе жоқ. Төрт қабырғасының қай жағынан қарасаң да, сұр балшықтан тұтастыра соққан тескіндіксіз қорған сияқты. Қақпасы бір-ақ жағында, өзге жақтары тұтасқан қамау. Сырты тұтас қамаудың іші, ішкі қабырғалары да тұтасқан қаз-қатар үй. Сол көп үйлердің жиі жасалған есіктері мен терезелерін, алыстан қарағанда араның ұясы деп ойларлық. Осындай тұтас үйлер қоршаған кең қораның орталығында, есіктері ғана бар, терезелері жоқ, тағы бір кішірек тұтас қорған тұр. Ол, айнала отырған көп үйлердің отын-су сияқты қажетті жабдықтарына арналған сарайлар екен.
Қаз-қатар жасалған көп үйлердің біреуінде тұратын Қарсақтың пәтері бұл кезде ремонтталып боп, иелері ішіне кірген екен. Қарсақ деген: салбыраған бұғағы кеудесіне түскен, сақал-мұртын қырған, бет бейнесі кішігірім табақтай сол беттің үстінде, үлкен картопқа жабыса өскен түймедей боп қасқа басы шошая қалған, жуандығына анау-мынау кісінің құшағы жетпейтін семіз, саусақтары быртиған қысқа бір-бір балағы бес пұт бидай сиятын қаптай кең кенеп шалбары мен қазақша кең ғып тіккен ақ шұбар ситса көйлегінің, оң жақ шекесіне жантайта киген өзбек тақиясының кірден мөрі көрінбейтін, түйенің табанындай жалпақ аяғына әлдене шәркені іле салған, қолтығындағы қолаңсасы мен аяғындағы күсінің сасық исі бұрқыраған, мейлінше денелі, мейлінше салақ, нас адам екен.
Ал, оның әйелі — Бөдене десе — бөдене: кіп-кішкене, қап-қара, доп-домалақ, сеп-семіз, жылтиған біреу!.. Күйеуіне еліктеуіме, табиғаты солай ма, ол да кір-қоң боп жалаң аяқ жүретін адам екен. (Біздің Торғай елінде, бай болсын, кедей болсын, кәрі болсын, жас болсын, жалаңаяқ жүретін әйелді кім көрген!..) Сол қалпымен дөпдөңгелек, қоп-қоңыр кескіні әп-әдемі: кішкентай көздері мөлдіреген қап-қара, кішкене мұрны да пістедей қырлана қойыпты, бүрілген кішкене аузында тізбектелген тістері маржандай аппақ, жіңішке қою қара қасы да қабағында иіле қапты. Осы кескінімен таза жүрсе, қараның сүйкімдісі болар еді бұл әйел!.. Салақ әйелге қор болған қайран ажар!..
Мүсәпірдің айтқаны расқа шықты: Қарсақ та, Бөдене де менің кім екенімді білгеннен кейін —«бауыр екенсің ғой!..» деп жылы жүзбен шүйіркелесе кетті. Қарсақ біздің үйде болып сый-құрмет көрген, әкемді де, әжемді де жақсы білетін адам боп шықты.
— Жатақханасы құрысын!—деді ол маған,— біздің үйде тұрып оқи бер. Жаңа үйіміз күзге дейін бітеді. Оған дейін осы пәтерде тұра бер: кең сарайы бар, үйі бар, әзірге сиысып жата тұрамыз. Көп жанымыз жоқ. Екі-ақ баспыз. Бала болмаған жоқ. «Мал таппас жігіт болмас, құрарын айт, ұл таппас қатын болмас, тұрарын айт!» дегендей, анау жеңген, ұл да, қыз да тапқан адам, бірақ, ешқайсысы тұрған жоқ. (Жап-жас сияқты көрінген адам, сонша баланың анасы болғаны ма?!) Жақсы болсаң, баламыздай да боп кетерсің.
Бұл сыпайылық сөздерге мен жауап қайырған жоқпын: жатақхананы да, бұл үйдің жайын да көріп, тоқтамға асықпай келуді ойладым.
Ремонты жаңа біткен пәтердің іші әлі жиналып болмай ыбырсып жатыр екен. Оған түпкілікті орнайтын жасаңдау ерлі-зайыпты адамдар, қонақты жаратпайтын кірбіңдеу кісілер екен. Оның үстіне, үйдің ішіне жаңада ғана жағылып, әлі көкшілденіп кеуіп үлгермеген ізбес көзді жеп жібере жаздайды екен. Есігін жапса тастай қараңғы сарайдың іші де былығып жатқанмен, ауасы үйден жеңілдеу сияқты. Сондықтан, танысып болғаннан кейін, шайға қанып, нанға тойып алғаннан кейін, Бөдене мен Қарсақ маған:
— Енді тынық, шырағым. Үй мен сарайдың қайсысына тынықсаң да еркің!— деп еді, мен сарайды қаладым.
Есігін жапқан қараңғы, салқын сарайдың ішіне, жерге салып берген төсекке киімшең қалпыммен қисайсам, қатыппын да қаппын...
Біреу оятқанға қарасам, Бөдене екен.
— Жақсы ұйықтадың, шырағым, — деді Бөдене,— күні бойы ұйықтадың. Күн намаздыгерге таянып қалды. Қалған ұйқың болса, алдыңдағы түн бар. Ұйқыңды аш. Жуын. Ac та пісіп тұр. Мүсәпір де келді базардан.
— Ұйықтаған жоқ па, ол кісі?
— Кешке бір-ақ ұйықтаймын деп базарға кеткен. Саған көйлеккөншектік маталар әкепті, тағы бір киімдерді әкепті...
«О несі?!— деп ойлап қойдым ішімнен,— маған деп киім алма дегенім қайда?!» Бірақ, бұл жайда Бөденеге сыр берген жоқпын. Киініп сыртқа шықсам, батысқа еңкейген күн үйдің тасасына түсіп, қораның көлеңкелі іші салқын тарта бастапты. Жақын жерде, көгілдір түсті шолақ дамбалмен ғана жап-жалаңаш жуынып жатқан, тыртиған арық денеге көзім түссе, Мүсәпір екен!.. Бұл қалпында ұсқынсызы-ай!..
Жуынып, желпініп... дегендей жайланған бізге, ас сарайға әзірленді. Әуелі Бөдене екеуміз оның ішінде ыбырсыған нәрселерді жинастырып, дастарқанды содан кейін төседік.
— Саған деп әдейі балау бастым,— деді Бөдене.
«Балау» дегенді естігенім болмаса көрген емен. Біздің елде, ауыл қыдырған біреу, әлдекімнің үйінде отырып қалса, «немене, сонша бөгеліп?.. Балау басып берді ме?» дейтін еді, соған қарап, «балауды» тәтті бірдеме болар деп ойлаушы ем. Енді көрсем, күріштен жасап, ішіне тауықтың етін мүшелеп салған, өрік, мейіз қосқан кебір тамақ. Біздің ел күріш екпейді. Оның не нәрсе екенін біз ана жылғы аштықта жәрдемге келгенде көргеміз. Сонда басқа тамақ жоқтықтан жеген біздің ел, тоғайғаннан кейін, «жемей жатып қарынды ашырады, өзі су татиды» деп қазына жіберген күрішті алмай қойған. Біздің ел оны ботқа ғып пісіретін. Бөдене пісірген балаудағы күріштің дәндері езілмеген түйіршек қалпында жүр.

  • Бұл қалай — десем:

  • Ең жақсы піскен балаудың дәні осылай түйіртпек болады, - дейді Бөдене.

Таңертең Күзен үйінде жеген «тандыр» атты нанның да қалай пісуін Бөдене көрсетті. Қорадағы төбесі қол шатырдай боп дөңгелене салынған пештің ішіне от жағып кірпішін қыздырады екен де, күлін де, шоғын да алып тастап, қызған кірпішке нанның қамырын жапсырады екен. Ол лезде пісіп қап, орнына тағы да қамыр жапсырады екен. Илеуінен бе, жаңалығынан ба, бұл тандыр тамаша дәмді екен. Тегі, Күзен үйінде жеген тандыр қатып қалған ескі болу керек.
Балауға тойып, шайға қанғаннан кейін:
— Ал, Бәтес, күн кешкірді. Бақшаға барып қайтсақ қайтеді? — деді Мүсәпір.
— Бақшасы не?
— Жұрт серуендейтін орын.
— Мен не алам одан?
— Түк те алмайсың,— деді Мүсәпір күліп,— серуендеп көңіл көтересің.
— Мен бармаймын,— дедім.
— Неге?
— Шаршап отырмын,— дей салдым.
— Ендеше өзім барып келейін,— деді Мүсәпір.— Сен тынықсаң, тынық. Шаршадың ғой, ұзақ жолда. Күндіз жақсы ұйқтап алдың ғой. Біразға дейін жата қоймассың. Сен, Бөдене жеңгей, Бәтестің ояу уақытын пайдалан да, әлгі бір, базардан әкелген кездемелерді пішіп, үлгергеніңше тіге бер.
— Өзім піше де, тіге де алмаспын,— деді Бөдене,— менің олақ пішіп, тіккенім Бәтеске ұнамас. Көршіде шебер қатын бар. Аяқ машинасы да бар, лезде зырылдатып бере қояды.
— Ендеше, сөйт. Міне маталар!— деп алдымызға әкеп тастаса, бір көйлектік пай, бір көйлектік шәйі және бір көйлектік қара ала жібек екен.
— Осынша несіне шығынданғансың?—деп ем:
— Қарызға!—деді Мүсәпір күлімсіреп,— оқуыңды бітіріп, қызметке орналасып, ақшаны көп тапқанға дейін.
— Ұзаққа қарайды екенсің, қайным!—деп қойды Бөдене де жымиып.
— Қалжыңдаймын, жеңгей,— деді Мүсәпір,— борыштанатын кісім емес бұл Бәтес менің. Жақын кісім. Оның жәйін кейін ұ
айтармын. Чемоданға салған киім-кешектерін жолда ұрлатып алғанын айттым ғой мана. Кәзір ауыстырып киетіні де жоқ. Мына көйлектер тігілсе, екеуін, моншаға барып қайтарсыңдар.
— Мақұл,— деді Бөдене.
— Ал, мен кеттім!—деп Мүсәпір жөнеле берді де, артына қайта оралып.— Ұмытып барады екем ғой, Бәтес!— деді маған.— Бәтестің бөркі Қызылордада ауыр болған соң, бір әдемі кестелі тақия алып ем; етігі ауыр боп жүрген соң, — «бәтеңке кимес» деп, «аяғына жеңіл болар» деп кестелі кебіс пен мәсі ала қойып ем.
Мүсәпір әкеп көрсетсе, тақиясы да, кебіс-мәсісі де сәнді екен.
— Қарадай шабылыпсың ғой, қайным!— деген Бөденеге:
— Демің ішіңде болсын!—деді Мүсәпір.— Ақша жетеді. Жақын кісіміз. Оқасы жоқ.
Мүсәпір шығып кетті... Қазақта бір әңгіме бар: әлдекім қойдың тұтас құйрығына у сеуіп, қасқырдың апанының маңына тастайды да, өзі жақын жерде тығылып аңдып жатады; апанына келген қасқыр құйрықты көреді де, «бұ не деген батпан құйрық? Далада тегін жатқан құйрық!» деп қомағайланып асап қояды. Аздан кейін қасқыр уланып құлағанда, аңшы: «У салғаным батпан құйрық, қасқыр оны қапқан құйрық, сілесі содан қатқан құйрық» деп сорлы аңды соғып алады. Сол айтқандай — Мүсәпірдің бұл мырзасуы қай мырзасу?!.
Бөдене маталарды көтеріп, мені ертіп, көршісіндегі тігінші әйелге апарып еді, мән-жайымды сұрастырып алғаннан кейін:
— Жақсы, айналайын!.. Кәзір тігіп берейін!—деді де, көйлектерді өз өтінішіммен қазақша пішіп, биенің бір сауынында үшеуін де тігіп берді. Бұл да Қалисадай, қолы аса епсекті адам екен, көйлектері үстіме қона да, жараса да кетті.
— Ал, енді моншаға барайық,— деді Бөдене маған.
— Оңаша түсетін монша ма?
— Бұндай үлкен қалада ондай монша болмайды. Көпшілік түсетін монша ғана болады.

  • Оған мен бармаймын.

  • Неге?

— Ұялам!

  • Кімнен? Бәрі де әйелдер болады.

— Сонда да.
Бөдене қанша түсіндірем дегенмен, мен көнбедім. Қалай көнем? Әжемнің бойыма сіңірген тәрбиясы бойынша, балалық жастан өткен әйел, өз ерінен басқа жанға, беті мен қолының басынан басқа ешбір денесін ашық түрінде көрсетуге тиісті емес.
— Денеңнің кірін қалай кетіресің?—деген Бөденеге:
— Оңаша жерге барып құманмен құйынып алармын,— дедім.
Іңірде сарайдың бір бұрышына солай жуынып алдым.
«Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегендей, маған ендігі қиыны дәрет болды. Қалада «дәретхана» дейтін орын барын Қостанайда көргем. Оның өзіне амалсыз барып, исінен құсып өліп қала жаздағам. Ал, мына қорада ол да жоқ екен. Тұрғын әйелдерге қарасам, көрінген тасалау жерге отырып жүр. Ауылда «алты қырдың астына» дегендей, жан көрмейтін таза жерге кетіп қалатын мен, бұндай қыспаққа қалай отырмақпын?.. Оның үстіне, қораның ластығын көргеннен кейін, исі мүңкіп кеткен сияқтанып, жайдан-жай, ал, кеп құс!..
Мүсәпір мен сарайға жатып қалған шақта келді. «Бұрын осы сарайда жататын ек» деген үй иелері, бүгін пәтерлеріне қонып, сарайға Мүсәпір екеумізді оңаша тастады. Қазақта, жігіт қонған үйінің бойжеткен қызы болса, қабылдасын, қабылдамасын, түнде, жұрт ұйықтағанда қасына бару әдеті барын білем. Біздің үйге қонған кейбір жігіт те сөйтем деп, менен шапалақ жегені бар. Қарсақ пен Бөдене Мүсәпір мен мені сарайға жатқызатын боп, екеумізге екі бұрышқа орын даярлаған соң, ішімнен «бұлары несі?!» деп ойлаумен қатар, Мүсәпірді сынау ниетімен қарсы болған жоқпын. Мен оңаша жатқан сарайға, кешірек қайтқан Мүсәпір сөйлене кірді.
— Бәтес, ұйықтадың ба?— деді ол, сарайға кіре, ақырын дауыспен.
— Жоқ!— дедім мен.
— Неге?—деді ол қалтасынан алған сіріңкенің шырпысын бірінен соң бірін тұтатып.
— Күндіз ұйқым қанып қапты.
— Ендеше, мені ұйқы басып келді. Төсек бар ма екен, маған?
— Бар. Анау бұрышта.
— Кәне?—деп, Мүсәпір сіреңке жарығымен төсегін көріп алды да, есікті жауып,— ал, мен кеттім!—деді. Кешікпей оның қорылдаған дыбысы есітілді.
Мүсәпірден сақтануымнан ба, әлде, күндіз ұйқымның қануынан ба, мен таң аппақ боп атқанша бақырайып жаттым да, одан кейін тысқа шықтым. Айтпақшы, Қарсақтың сауын сиыры бар-ды. Бөдене ерте тұрып, сиырын сауып боп, қала шетіндегі табынға айдағалы жатыр екен. Мен оған ере кеттім де әлде не кең бақшаның, ішіне кіріп, көкке аунап, желпініп, таранып... дегендей, мейлінше рахаттанып алдым.
Қайтқан жолымызда Бөдене маған жаңадан салып жатқан үйлерін көрсетті. Ертеректе әлдекімнің жұрты болған, бұзылған кең ауласының ішіне жеміс ағаштары өскен, ұңғыл-шұңғылы көп орын екен.
— Осы үй бітсін,— деді Бөдене.— Содан кейін, ағаң айтқандай, бізбен бірге тұрасың. Төргі бөлмені саған беріп қоярмыз. Ағаң екеумізге ауыз бөлме де жетеді.
— Оны көрерміз,— дедім де қойдым мен.
Бөдене екеуміз қаланы аралаңқырай отырып, сәске көтеріле келсек, Қарсақ та, Мүсәпір де тұрып, Қарсақ самауырға шоқ салып жүр екен.
— Қалай, қайным, жақсы ұйықтадың ба?—деген Бөденеге:
— Өте жақсы!— деп жауап берді Мүсәпір.— Талай түн шала болған ұйқының есесін, салқын сарайда, бір-ақ түнде қайтардым!..
Шайдан кейін Мүсәпір екеуміз институтқа бардық та, қажетті қағаздардың бәрін реттеп болдық. Содан кейін, Мүсәпір маған:
— Жатақханаға барам десең де еркің, Қарсақ ағайдың жаңа үйі біткенше, манағы пәтерінде тұра берем десең де еркің,— деді.
Жатақханаға барайын,— дедім мен.
— Жалғыз ғана шартпен,— деді Мүсәпір.
— Қандай?
— Жаңа үй біткен соң, соған көшесін. Ұлықсат етсең мен де сонда тұрып, етпесең, басқа пәтерге шығам. Маған сенің жайлы тұрғаның керек. Қалпыңды байқадым: сен жатақханада тұра алатын кісі емессің.
— Көрерміз,— дедім мен.
Орналасуын орналасқанмен, жатақхана дегені маған аса жайлы бола қойған жоқ. Ең алдымен, оның ұнамағаны шуы. Оқуға биыл кеп түскендері бар, бұрынғы оқып жүргендері бар, біз бір кең бөлмеде жиырмадан астам қыз жатамыз. Менің ұғымымда, әйелдер былай да бірін бірі тыңдамай жамырай сөйлейтін берекесіз «халық» еді. Мен ондайларды «қатындар» ғана деп ойлайтын ем. Енді қарағам, «қыз» дегендерің де, шулауға келгенде олардан кем түспейді екен. Қыздың да ішінде талай түрлілері болып, ауыздарына түскен сөзді айта беретіндері аз емес екен. Оның үстіне, сол үйде асхана бола тұра, «қолдан пісіргеніміз тәтті болады» деп, астарын бөлмеде даярлайды; кір жуатын орын бола тұра, «ойдағыдай болмайды» деп кірлетіп ертелі-кеш өздері шылпылдатып жуады да жатады; ойындары, әндері тасып бара жатқандай, бірін бірі түрткілеуден, сықылықтап күлуден, жеке де, қосылып та ән айтудан ауыз жаппайды; қой десең тыңдамай, қатты айтсаң ұрсысады!.. Мұндай шуға үйренген адаммын ба мен?.. Бір тауды жайлаған жалғыз киіктей тағы боп, тиыштықта өскен адам емеспін бе?.. Сондықтан, мына шуға үйрене алмай әлек болдым.
Жатақхананың екінші ұнамағаны — асы. Асханада даярланатын тамақтың біреуі де аузыма тұшымай қойды. Қымыз, ет, айран, қаймақ, сүт, май, құрт, ірімшік сияқтылардан басқа асты татып көрген адаммын ба мен бұған дейін?.. Асхана тамағының көбі картоп, капуста сияқты шөп-шалам. Оны әрі менсінбеймін, әрі жесем де қарным ашады. Өзге қыздар: қауын, қарбыз, алма, өрік сияқты жемістерге де өліп-өшіп жатады, мен оларға да қызықпаймын...
Дегенмен, осы тұрмысқа шыдауға бекіндім де, айырылған сағаттан бастап, жатақханаға орныққан уақытқа дейінгі көргенбілгенімді, ақыл-ойым жеткенше толық жазып, Тәшкендегі Бүркітке жолдадым. Хатты почтаға Мүсәпір екеуміз қолдан апарып бердік. Қағаздан қиып қолымнан жасаған үлкен, жуан конвертті көрген Мүсәпір:
— Кітап емес пе, мынауың?— деп күлді.
— Мүмкін, болуы!— дедім мен.
Хатты почтада, Мүсәпірмен қылмыңдай қалжыңдасқан қазақ қызы қабылдады. Конвертті ол қызға қалдырып кеткеннен кейін, көп уақыттан бері жанымды жаншып жүрген ауыр ой жеңілденіп қалған сияқтанды...
Мен жатақханада сол жатқаннан жата бердім. Оған орналасқаннан бірер күн кейін, Жақыпбектің әйелі — Тәслима келіп пәтеріне ертіп әкетті де үй жағдайымен таныстырғаннан кейін, Бүркіт «жақсы көретін жиенім» деп мақтай кеп, «оны жақсы керсең, мен де сені жақсы көрем» дей кеп, «біздің үйде тұрып оқуыңа болады» деді. Үйі — шынында да жайлы екен: төрт бөлме, біреуінде ас пісіріледі, біреуінде ас ішіледі, біреуі — Жақыпбек пен Тәслиманың жататын бөлмесі, кішірек бір бөлме, Гуля деп атайтын он үш жасар қыздың қарамағында екен, баларақ кезімдегі мен сияқты еркелеу қыз көрінеді, киімдері қалаша, өзі әке-шешесімен орысша сөйлеседі, орысша білмейтін менімен қазақша сөйлеспек болып еді, бұрын олай сөйлеп дағды алмаған болу керек, ретін келтіре алмады... Жақыпбек әлдеқайда кеткен екен. Сөз түріне қарағанда, Тәслима да орысша тәрбиеленген адам болу керек: киім киісі де, тұлымын күзеген шашын дударландыра қойысы да қалалық, орыс әйелдеріне ұқсайды, қазақтың тілін білгенімен, сөйлеу түрі қазақша жатық емес. Жасау түріне қарағанда, бұл үй ете бай болу керек, нәрселерінің бәрі де әдемі және қымбат, олардың бөлмелерге орналасуы да ете қызғылықты. Тәслима мені осы салтанатты үйдің қызы тұратын бөлмесіне орналастырам деп еді, мен рахмет айттым, да жатақханамда тұра беретіндігімді білдірдім, дәлелім — кластас қыздармен бірге тұрып сабақ үйрену.
Мүсәпір екеуміз Қарсақтың үйіне де барып жүрдік. Мен қалаға келгеннен он бес шақты күндер шамасында оның жаңа үйі де бітіп, ішіне кіріп алды. «Тек, биыл шатырын жабуға ғана күшім келмеді,— деді Қарсақ,— қамыспен жаппадым. Қаңылтыр табылмады. Аманшылық болса, келесі жазда жауып алам оны!» Ол маған «біздің төргі бөлмеге тұрсаң қайтеді?» деп еді, «жалғыз тұрасың, оңаша бөлме» деп Мүсәпір де мақұлдап еді, мен Тәслимаға айтқан дәлелімді айтып ризаласпадым...
Көп ұзамай оқу да басталды. «Институт» деп көпірткенге, мен оны «адам аса алмайтын биік пе?» деп жүрсем, барлық институт сондай ма, әлде біздің институт қана ма — тырмысқан адамға ол да шығып кететін тау екен. «Даярлағыш» аталатын курсының бірінші класы түгіл, екінші класына түссем де алып жүре алатын түрім бар. Оған да ниетім шапқан кезде Мүсәпір «асықпай оқыған жақсы, сабақ сіңімді болады» деген соң, өзімді өзім қамшылаған жоқпын.
Мүсәпір Қызылордада жөнді тұрақтамайтын адам екен. Қызмет атқаратын газетінің тапсырмасымен, жан-жақтағы қалалар мен ауылдарда шапқылайды да жүреді, қалаға соққан күндерінде, маған жолықпай қоймайды. Көрген сайын, амандықтан кейінгі сөзінде айтары: «Бүркіттен хабар бар ма?» «Жоқ!» деймін мен. Расында да жоқ. Алғашқы хатыма жауап берер деген оймен, өзімше тәкаппарсып, екінші хатты айға жақын жазған жоқпын. Одан кейін шыдай алмай, тағы бір хат жазып, тағы да айға жуық уақыт жауап күттім. Тағы да жоқ!..
Сол кезде Шамсия келе қалды. Мені ол жатақханама іздеп келді. Өзі сымбатты да, көрікті де кісі екен. Етейіп толығуы ол көркін тіпті шешіп тұр. «Біздің үйге барып әңгімелесейік» деп, ол мені үйіне алып кетті. Жақыпбектің үйіндей бай жасаулы болмағанмен, бұл да мәдениетті сәнді тұратын үйдің бірі екен. Мінезі маған ажарынан да жақсы сияқтанды. «Қарағым, шырағым!» дей сөйлейтін ол халжайымды сұрап алғаннан кейін, пәтерге бармай, жатақханаға тұруымды мақұлдай кетті.
— Тұрам десең мына біздің үй де даяр,— деді ол.— Аса бай болмағанмен, орташа жақсы тұратын үйдің бірі екенімізді көріп отырсын. Бірақ бұған да тұрудың қажеті жоқ. Мен де ауыл қызы боп өскен адаммын. Қызды ауылдың қалай ұстайтынын білем. Он жасынан бастап «отау иесі» деп, қызын үйінен шығара ма қазақ? «Қызға қырық үйден тыю» деп, бүкіл ауыл боп жүрген-тұрғанын аңдымай ма қыздың? Сондай жағдайда бұғып, бұйығы боп өспей ме ауыл қызы?.. Соған байланысты ма, қыздың ынсаптылығы? Қырық қақпаның ішіне жауып ұстаса да, ынсапсыз қыз өз дегенін істей бермей ме?.. Ынсапты қыз болса, еркектердің арасына қамап қойса да ұстай білмей ме өзің?.. Әсия маған жақында бір жазған хатында, сенің жайыңды айта кеп, «Жатақханада тұрып оқығаны мақұл» депті. Айтпақшы, оның сенен жіберген хаты қайда?
Мен жоғалтып алғанымды айттым.
— Қап!—деп өкінді Шамсия,— соңғы хатында, «бастапқы хатымда көп сөздер жазғам» деген екен.
Тұрақ жайындағы әңгімесін жалғастыра кеп:
— Оқушы кезіңде, әріптес қыздармен бірге тұрғаның жақсы,— деді Шамсия,— сабақ оқуыңа да жақсы болады ол, көпшілікпен араласып, өмір көруіңе де жақсы болады ол.
«Әсияның, екінші хатынан білдім» деп Бүркіт жайын сұрастыра кеп, менің ұялып төменшектей берген жауабымды естігеннен кейін:
— Сүю, әрине, жүректің ісі,— деді Шамсия,— оған көлденең, кісінің араласпауы керек. Әсіресе, бостандықшыл біздің заманда. Дегенмен, мына біз сияқты, өмір тәжірибесін көбірек көрген адамның, сен сияқты тәжрибесі аз кісілерге достық ақыл айтуына да болады. Мен саған Бүркітке қосыл, қосылма деп ештеңе демеймін. Ол өз қара бастарыңның ғана шешетін мәселесі. Менің саған, тек қана айтарым, орыста «дистанция» деген сөз бар, ол — екі нәрсенің арасындағы алшақтық, яғни, тұтасып кетпеушілік. Осы дистанция махаббат мәселесінде де керек сияқты, еркек пен әйел ғана емес, дос пен дос, әке мен бала... сияқты жақын адамдар да бір-біріне жапсырылып қалмай, араларында алшақтық ұстауға қажет сияқты, әйтпесе, адам өзінің «мендігін» жоғалтып алатын сияқты. Сенің де сөйтуің қажет қой деймін. Бүркітті сүйе тұра, оған тым жабысып қалмау керек. «Сүю» деген не ол? Ол — «жабысқан жерінде тас боп қатып қалу» деген сөз емес. Сүю екі жаққа бірдей. Оның шарты: «өзің сүйсең ғана сүйемін, сүймесең, зорламаймын!», «өмірдің сәні таразысының екі жағы да тең басуда. Бір жағы шоңқиып жерде жатқан, бір жағы көтеріліп аспанда жүрген өмір таразысының ешкімге қызығы жоқ. Осындай теңдестікті сақтау үшін, жігіт пен қыздың қай жағы болса да, «мен сені сүйдім, маған қосыла гөр!» деп екінші жағына жалбарына бермей, араларындағы алшақтыққа екі жағынан да бірдей жақындап, таразының тіліндей жерге жетіп, теңдесе қосылу керек. Өйтпесе, өмір теңдестігі де болмайды... Түсінікті ме, менің осы сөздерім?
— Өте түсінікті!..
— Ендеше, жарбаңдап жаза берме, хатты!.. Жауабы кідірсе асықпа!.. Сүйгені рас болса, түбінде бір жазбай қоймайды...
— «Түбі» дегеніңіз тым ұзақ боп кетсе қайтем, апай?
— Қанша ұзақ болар дейсің ол? Бір ай, екі ай, үш ай!.. Оған дейін жауап қайырмаса, «сүйдім» дегені жалған болғаны...
— Ондайдың кісісі емес ол!— дедім мен ауыр күрсініп.
— Қайдан білесің «емесін?». «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дейді қазақ. Сондықтан да Ақмолда ақын:
Әуелі тазалап ал іштің кірін, Болмасын сыртың сұлу, ішің ірің,—
деген. Сен әлі жассың ғой, сондықтан «сырты сұлу, іші іріп, адамдарды кездестірдің бе, жоқ па, оны білмеймін; мен өзім талайын кездестірдім оның!..
- Махаббат мәселесінде емес,— деп түзетті Шамсия сөзін, мені «бұл өзі жер қарытқан әйел екен ғой» деп ойламасын деген кескінмен,— жұбайлық өмірімде бақытты адамның бірімін мен: Аманжол ағаңа сүйіп қосылдым да, тату, тәтті тұрып келем. «Іші іріңдер» деп отырғаным, өмір кезеңдерінде, басқа мәселеде ұшыратқандарым.
Шамсияның үйіне мен демалыс күні түсте барған едім. Одан жатақханаға іңірде қайттым. Шамсия да маған қатты ұнады, сөздерінің де көбі көкейіме қонды. Дегенмен, бір жұмадан артыққа шыдай алмай, Бүркітке үшінші хатымды жолдадым... Одан жауап жоқ!.. Бұ не, тым-тырыс?!..


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет