Стиль мен бейнелілік ұғымдары туралы



бет22/32
Дата25.03.2022
өлшемі195,32 Kb.
#136809
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   32
Байланысты:
Сыйлыгул-Диссертация
141-150 экология, instr regkz (1), Сарышұнақтар (лат. Spermophilus) — кеміргіштер отряды, Демография
Кірпік қақпай шыдай тұршы. (Ж.Н. Көз жасы. 1-70)
Атырдық таңды көз ілмей. (С.Ж. Ана қолы. 1-18)
Ұзақ таңды кірпік ілмей атырам. (А.Б. Дүлейіңді сүйемін-ау, табиғат. 1-37)
Ой кешемін, таң алды көзімді ілем. (А.Б. Ризашылық. 1-247)
Бірінші кірпік қақпау сөзі ұйықтамау деген мәннен гөрі, қозғалыссыз тыныш деген мәнді білдірсе, екінші үшінші мысалдарда көз ілмеу, кірпік ілмеу тіркестері – мағыналас, ұйықтамау, көз жұмбау [82, 385-б.] деген мағынада қолданылған. Ал дәл осы мағынадағы ойды келесі ақын былайша берген:
Түн ұйқыңды төрт бөлдің – ауырғанда. (А.Б. Бала. 1-241)
Бұл жерде де түн ұйқыңды төрт бөлу түнді ұйықтамай өткізу [82, 705-б.] дегенді білдіреді.
Келесі өлең жолдарында қарау – қарамау сөздерді тұрақты тіркестер арқылы былайша беріледі:
Салғырттау көз салдым мен айналаға,
Кәдімгі көктем жатты қайнап, аға. (Ж.Н. Салғырттау көз салдым. 1-453)
Аспан көздей шел басқан,
Ұлпа қар қылаулайды,
Сөйлейді жұрт қыс жайлы, тұмау жайлы. (Ж.Н. Қала. 1-179)
Бұл жерде көз салу – қарады, көңілі бөлінді [82, 331-б.], ал көзін шел басу – көрініп тұрған нәрсені көрмеу, көргісі келмеу [82, 759-б.]. Осылайша ақын айналаны қарадым сөзін көз салдым сөзімен алмастырып, түнерген аспан бейнесін көзін шел басқандай деп бейнелейді.
М.Серғалиев атап өткендей, «Тұрақты тіркестер – әдеби тілдің ілгері даму барысында қалам қайраткерлерінің әрекеті арқылы жанданған әсем кестелер. Олар – сөз зергерлерінің ой-түйінін ықшамдап аңғартатын жинақтылықтың үлгісін көрсететін көркемдік құралы. Тұрақты тіркестерді қай жазушы болса да өз шығармасында қажетіне қарай қолданады» [70, 172-б.]. Сол себепті де өлең жолдарында ақындар өздерінің қуаныш-сүйініштерін, көңіл күйлерін, ішкі жан толқыныстарын тура мағынасында бермей, тұрақты тіркестерді жиі жұмсайды. Мысалы, қатты өкініп, алданып, опық жеу мағынасын санын ұру [82, 602-б.] тұрақты тіркесі арқылы:
Өкініп көргенім жоқ санымды ұрып,
Күннен күн биіктетті жанымды үміт. (Ж.Н. Кенеттен атылды оқтар. 1-445);
Қайғырып, қасірет шегу, өлімнің артын күту [82, 18-б.] мағынасын аза салу тұрақты тіркесімен:
Аруақты қадыр тұтқан жүрт едік,
Аза салдық қара аспанды бүркеніп. (Ж.Н. Маңдайынан оқ тескен каска туралы жыр. 1-157).
Әбден шаршау, қажу мағынасын сілесі қату [82, 648-б.] тұрақты тіркесімен беріп қана қоймай, автор сілесі әдбен қатқанша деп қолданып, қатты шаршағандығын бейнелі суреттейді:
Құлаушы едік қызығып,
Сілеміз әбден қатқанша. (С.Ж. Кемпірқосақ. 1-18)
Ал, Көктем шығып,
Жер-дүние жылынып,
Жан біткеннің аузы көкке ілініп. (С.Ж. Сүт туралы баллада. 1-22) – деген өлеңде барлық нәрсеге молшылық келгендігін аузы көкке іліну – жерге шөп шығып, тойынар шақ келді [82, 343-б.] деген тұрақты тіркесі арқылы береді.
Сонымен қатар, лирика тілінде өлім тақырыбы сөз болғанда келесі тұрақты тіркес жиі қолданылады:
Осы жерде дәм таусылып, өлсе, өлер,
Ойы да жоқ жұмақ іздеп жол шегер. (С.Ж. Балықшы туралы баллада. 1-183).
Яғни дәм таусылды деген тіркес – өлді, өлер шақ келді [82, 185-б.] дегенді астарлап жеткізеді, бұл дүниеде татар дәмінің біткендігінен хабардар етеді.
Кейде тұрақты тіркестер кейіптеу құралы да бола алады. Мысалы келесі өлең жолында адам баласына қаратылып қолданылатын қабақ түю – ызылану, ызалы ашуға міну [82, 386-б.] мағынасындағы фразеологизм даланың бейнесі ретінде суреттеліп, жалпы өлең дүлей табиғаттың бір көрінісін оқырман көз алдына алып келеді:
Көк толқындар бірі- бірі қуалап,
Құм суалдап, қабақ түйіп тұр алап. (С.Ж. Балықшы туралы баллада. 1-185)
Жалпы тұрақты тіркестердің мағыналары бейнелі мағына болып келеді. Келесі мысал тұрақты тіркестердің тура да, ауыспалы да мағынасында қатар қолданылуы мүмкін екендігінің ерекше дәлелі бола алады:
Пышақ, пышақ...
Сенің жүзің жалаңдаса –
Жағамды ұстап сескенем. (М.С.Пышақ. 1-17)
Бұл шумақта ақын жағамды ұстап сескенем деу арқылы тура мағынасымен қоса бұл тұрақты тіркестің ауыспалы мағынасын, яғни қатты түңілу, күдер үзу, жерге түкіру [82, 225-б.] мағынасын да қоса үстейді.
Батты бұған арудың өр талғамы,
Кете барды тістелеумен бармағы. (М.С. Күн бата нар қазығына қайырылды. 1-86)
Сен маған айт, шақса біреу тауыңды
Мен де дереу тауын оның шағайын. (М.С. Жігіт сыры. 1-187)
От көңіл лапылдайды қас-қағымда,
Жастық шақ күн сөнбеген аспанында. (А.Б. Күй тыңдап отырғанда. 1-104)
Қатпаған қабағына қайғы мұзы,
Отанның түлеп ұшқан түлегімін. (М.С. Дәуірдің бақшасына күле кірдім. 1-221)
Бозторғай көктен төккен жыр,
Тыңдайсың қалмай тағатың. (А.Б. Туған жер. 1-34)
Бұл өлең жолдарындағы тұрақты тіркестердің мағынасын ашып талдайтын болсақ, бармақ тістеу – өкіну, аса қатты қынжылу [82, 117-б.]; қабағына мұз қату – тұнжырау, түнеру [82, 387-б.]; тауы шағылу – сағын сындырып, бетін қайтару, үміт-тілегі кесілу [82, 671-б.]; қас қағым – халықтық өлшем бойынша лезде, көзді-ашып жұмғанша [82, 432-б.]; тағаты қалмау – сабырсыздық, дегбірсіздік туралы айтылады [82, 653-б.].
Барша жұрттың жүрегі онда жаралы,
Күзгі бұлттай түсіп кеткен қабағы.
Қанды соғыс бұл жақтағы елдің де
Қабырғасын қайыстырып барады.
Бұл шумақта екі тұрақты тіркесі қатар қолданылып тұр. Олар: қабағы түсу, қабырғасын қайыстыру. Мағыналары: қабағы түсті – ызыланды, ызалы ашуға мінді; [82, 386-б.], бұл тіркес арқылы ақын күздің суық табиғатын суреттеген; қабырғасы қайысты – жанына батты, қатты қиналды [82, 390-б.]; бұл тіркес арқылы ақын елдің соғыс кезіндегі жағдайын суреттеген. Бұл тұрақты тіркес келесі ақын өлеңінде де кездеседі: «соғыс дейді қабырғаңды қайырған».
Жалпы ғалым Р.Сыздық атап көрсеткендей, «поэзия тіліндегі фразеологизмдердің басты белгісі – олардың бейнелі болатындығы. Жеке суреттеу тіліндегі образды фразеологизмдердің типтерін, олардың көп-аздығын, ескі-жаңаларын түгендеу үстінде ақынның не жазушының фразеологизмдер саласындағы байырғы қазынаны қаншалықты жаңаларын ұсынғанын көруге болады. Ал бұл шығармашылық контекст немесе авторлық даралық дегенді танытады, тіпті кеңірек қарасақ, суреткер тіліндегі фразеологиздер әлемі оның поэтикалық тілі арқылы көрінетін дүниетанымын көрсетеді [72, 208-б.] Расында, біз қарастырған өлең жолдарында кездескен тұрақты тіркестерден байқағанымыз, ақындар кейде тұрақты тіркестерді сол қалпында қолданса, кейде өлең ұйқасына, ырғағына қарай өзгертіп те қолданған.
Қорытындылай келе, лирика тілінің өзіндік лексикалық-фразеологиялық ерекшеліктері бар екендігі бұрыннан белгілі болса да, әр ғасырдағы әртүрлі шығармаларда олар жаңа қырынан танылып, жаңарып, дамып отырғандығын байқаймыз.
Ақындардың шығармашылығын жалпы дәуірден бөліп қарастыра алмаймыз. Себебі кез келген ақын өзінің өмір сүрген кезеңінде көзімен көргенін немесе сол уақытта естіп-білгенін қағазға түсіреді. «Әрбір суреткердің тілдік ерекшелігін талдағанда онда қалыптасқан дайын «рецептің» жоғын білуге болады. Ақынның өмір сүрген ортасы, кезеңі, дәуірі, замандас тұлғасы, бейнесі, таным-түйсігі, ой-арманы, сөз қолдану жүйесінде айқындалып көрінеді. Қандай суреткер болсын көркем туынды жазудағы мақсаты – адамды көрсетіп, оның мұңын, сезімін ғана таныту емес, сол арқылы өмір шындығын көрсету» [41, 18- б.] екендігі белгілі.
Бір дәуірде өмір сүрген ақындардың шығармашылығында ортақ тақырыптар, қандайда бір стильдік ерекшеліктер ұқсастықтары болады.
«ХХ ғасырдың өзіне тән көптеген ерекшеліктерінің ең бастысы адам екені байқалады, өйткені адам натурасының жұмбағы, тағдырының қыр-сыры, оның қоғамдағы және әлемдегі орны, оның жақсылығы мен жамандығы, рухани ізденісі мен құлдырауы, оның психологиялық және әлеуметтік жай-күйі барлық ғылым саласы шұқшия зерттеген объектіге айналды» [20, 52-б.]. Осыған орай адамның рухани көрінісі поэзияда лирикада жан-жақты ашылды, адамның ой-сезімі түрлі бейнелілік құралдары арқылы өлең тілінде сөйледі.
«Кез келген ақын-жазушының өзіне тән стилі болатыны, ол қолтаңба қаламгердің бүкіл творчествосына көз сала отырып бағамдауға, анықтауға болатын көпке белгілі. Бұл орайда ақын-жазушының өмір сүрген уақыты, ортасы, сол дәуірдің өзіндік ерекшеліктері, қайшылықтары қайтсе де оның шығармаларында көрініс табатыны белгілі. Оның үстіне суреткер қиялынан, қаламынан шыққан информацияның, кез келген текст, оның ішінде көркем текстің де адресаты болатынын, ол адресаттың, яғни шығарманы оқитын адамның білімі, тәрбиесі, парасаты, өскен ортасы, жалпы алғанда, қабылдау дәрежесі әр түрлі екенін ескерсек, «информация қалай жетті, қалай әсер етті, оның ойында қандай ассоциация туғызды, көз алдына қандай суреттерді әкелді?» деген сұраулар туындайтына белгілі» [20, 42-б.] . Сондықтан ХХ ғасыл лирикасындағы стиль мен бейнелілік туралы сөз еткенде біз негізге алған ақындардың шығармашылықтарында кездесетін ортақ тақырыптарды белгілеп алған жөн. Себебі бір дәуірде өмір сүрген қаламгерлердің сөз қолдануында өзіндік ерекшеліктері кездескенімен, ортақ тақырыптың болатындығы – заңды құбылыс.
Жалпы әдебиет теориясында лириканы іштей махаббат лирикасы, көңіл-күй лирикасы, табиғат лирикасы, саяси-азаматтық лирика, философиялық лирика деп бөліп қарастыратынын ескерсек, ХХ ғасыр лирикасында осы түрлердің барлығы дердік көрініс табады. Атап айтқанда біздің қарастыратын Ж.Нәжімеденов, С.Жиенбаев, М.Сатыбалдиев, А.Бақтыгереева шығармашылығындағы ортақ тақырыптар – табиғат, туған жер, махаббат, соғыс-бейбітшілік мәселесі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   32




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет