Сахиев Жүніс. Су әлемінің саздары. ғылыми-фантастикалық роман. «Фолиант» баспасы, Астана – 2008



бет5/39
Дата26.01.2018
өлшемі9,74 Mb.
#34042
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39

ЕКІНШІ БӨЛІМ

СЕЗІМ СИҚЫРЛАРЫ

Мазасыз түндер

Сол су асты ғылыми-зерттеу сапарынан кейін Айдынбектің мінез-құлқы адам танымастай өзгеріп сала берген. Ал Раушан болса, оны жалғыз жарым, үйдегі бас ием деп қаншама уақыт жападан-жалғыз күн кешіп күтті десеңізші?! Талай ұйқысыз өткен түндер-ай. Таң қылаң бергенше жанында жататын ерінің жетпейтінін сезініп дөңбекшігенін қайтерсің-ау?! Сөйтіп сағынып-сарғайып қолы жеткен Айдынбек өзіне сүлесоқ қараған кезде өзін қоярға жер де таппаған. Біріншіден — ол су асты ғылыми-зерттеу сапарынан әдеттегіден кеш оралды. Екіншіден - бұрынғыдай үйге деген сағынышы мен асығыстығы байқалмаған. Ал басқа құрбыларының күйеулері болса, олар үйлеріне жеткенше асыққан, әйелдері мен балаларын ауыздарынан бір сәткеде тастамаған. Олар, тіпті, сонау мұхит тереңіне жататын арал шетінде судан шыққан бетте-ақ үйлерімен жиі-жиі хабарласқан. Ал келген соң олар нағыз бақытты сәтке бөленген. Сөйтіп сағынып қайта қауышып жатқанға не жетсін-ау! Ондай бақытты көріністер бұл өмірде аз ба?

Ал, Раушан жалғыз. Айдынбектің көңіліне қаяу түсіріп алмау үшін де ол жоқ кезінде аяқ басып үйден де шықпады. Қанша дегенмен де жалғыз қалған әйел баласына деген жаман ниет пен өсек-аяң аз кездесе ме? Сөйтіп көңіл де көтермеген. Тіпті, басқаны былай қойғанда көрші-қолаңмен де араласпады. Соның бәрі де сүйікті ері үшін еді. Айдынбек үшін оған бір перзент сыйлау үшін, қашан да ол жанпида етуге дайын да еді емес пе? Бірақ амал не, шыбын жанын бостан-боска кім қияды. Ештеме шықпады. Сондай бір күндер мен айларда, жылдарда оған кедергі болғандай бір күй кешкені де бар емеспе еді. Одан бері қаншама уақыт зымырап өтті десенші?! Бірақ, сонда да болса да Айдынбектің перзентке деген әрбір күрсінісі мен өкінішін аңғарғанда түні бойы жүрегі сыздап шығады. Ал Айдынбек су асты ғылыми-зерттеу сапарынан соңдаи көңілсіз оралғанда, жас журегі қақжарылып кеткендей де бір күй кешті-ау. Тек соны Айдынбек терең сезінсе ғой Ол да қимайды өзін. Содан Раушан ішінен: «Айдынбек, бәлкім сол су асты әлемінен әлдекімді тауып та алған болар?» деп те пендешілік ойға барған. Екеуі енді «Күндіз екеу, түнде төртеудің » кебін кигендей де күй кешкен. Күндіз екеу дегені – екеуі, ал түнде төртеу дегені – Айдынбектің теріс қарап жатып алатыны, жиі-жиі, күрсініп, кейде ұйқылы-ояу сандырақтап әлденелерді айтып, есіне әлдекімді алғандай болатыны өзінің тек тағдырын, күмәнді болашағын ойлағаны.

Осындай күндер көңілсіз сәттерімен белгі тастап жатты. Белгі тастамай қайтсін, өкінішті ойлар мазалай берсе. Уакыт деген құдіретке кімнің әлі келсін. Өзен суы секілді аға береді, өте береді. Тоқтамайды , тоқтауға еш көнбейді. Не кері жылжымайды. Үлкеймейді де, кішіреймейді де. Күні-түні тынымсыз қозғалсаң да , қозғалмай тып – тыныш жатсаң да өтіп жатқаны. Өмірдің бар бейнесі де соған барып тіреліп жатады . Бірақ ғалым болса да Айдынбектің онымен еш ісі жоқтай Не болғанын өзі де білмейді. Біреуге ғашықпын дейін десе, оған да негіз жоқ. Әлгі елес-қыз тек бір елес қана. Оны қолымен ұстап, алақанымен сипаған ол жоқ. Бейне ғана, сәуле ғана ол Сонда да болса ара-тура Айдынбек қалайша «Сәуле» деп айтып қалғанын байқамай да қалады. Оны Раушан да бірнеше рет естіді. Естісе де бірақ ол ақылға жеңдіріп, оны қайталап айтпай-ақ тыныш жүріп, ері мен екеуінің арасына сөз тастатамауды жөн санады. Ондай сөз қозғаған жағдайда соңының неге апарып соғатының да жақсы сезген. Бұл тек қана Раушанның басындағы нәрсе емес, кейбер қатарлас әйел достарының да басында бар нәрсе болғандықтан кейде өзін – өзі тәубаға да келтіреді. Олар өздерінің күйеулерінің басқа бір қыз немесе әйелмен көңіл қосатынын да жақсы біледі. Іштен тынады. Қолдарынан келер шара жоқ. Сондықтан да бас қайғы – қасіреттерін іштерінде сақтап тыныш жүргеннен әрі аса алған емес. Ондайлар «Қазақта көп әйел алушылық» дәстүрі ұмытылған емес» деген жұбанышпен шектеледі. Раушан ондай құрбыларын ішінен аяйтын. Ал өзінің ері Айдынбекті әйел атаулыға еш қиған емес. Оған негіз де бар-ды. Айдынбек ұйленгелі бері көзше шөп салған емес. Артық қадамы да болмаған. Үй мен қызмет мекемесі арасында ғана өтіп жатқаны негізгі өмірі. Ара-тұра ұзақ мерзімге осылайша су тереңіне сүңгуір кемемен сапар шегеді. Сонысына әбден үйренген Раушан оның бұл кенеттен өзгерген мінез – құлқын да жамандыққа қимап еді.

Айдынбек, өкінішке орай, бұл қылығын үдете берген. Ол енді түн тыныштығында сыр айтуын да қойған. Бұрынғыша емен-жаркын күлмейді де. Мұхит тереңінен түсіріп алған бейнефильмдерін қайталап көрумен әлек. Оның бәрі де Раушанға жеңіл соқпады. Ол жар дегеңдегі жалғыз еріне не айтарын да білмеген. Осы кезге дейін жүз шайысып көрмеген ерінің бұл қылығы, расында да ерекше ойланарлық еді. Раушан неше-қилы ойға да батады. Бірде ол: «Мұхит тереңінде неше түрлі жағдайлар болып жатады. Бәлкім, Айдынбекке де бірдеме әсер еткен болар-ау. Әйтпесе, сол бір қараңғы да қапас тереңнен қайтпаймын деп кешігер ме еді. Онысы зерттеуге соншама қызыққандығы мен оған соншама берілгендігі деп есептегеннің өзінде де күмән тудырарлық. Сонда ол кімге, неге ғашық болды екен?» деп те топшылаған. Айдынбек осылайша бір жұмбақ адамға айналып шыға келген. Ол соңғы кездері құрбы-құрдастармен де жиі араласуды қойған. Оның есесіне ерте жатып қалады, ұзақ ұйықтайды. Сандырақтап әлде- нелерді жиі айтады. Басқа ештемемен ісі болмайды. Тіпті, кейде оның әлдеқандай бір қыздың есімін айтып сандырақтайтының кайтерсің-ай. Раушан екі көзі төрт көз болып оның бәрін тындап жатады. Кей сәттері таң болып ерінің жүзіне үрейлене де қарайды. Бірақ қолынан келер еш шарасы жоқ. Ондай түндер бір бұл емес. Тіпті , соңғы кездері ол жиілеп те бара жатқан сияқты. Бірақ шыдамның да шегі бар емес пе? Бірде төсекке жатқан бойда ол Айдынбекке төне қарап:

- Айдынбек, мен бәрін де бақылап, бәрін де сезіп жүрмін Мен қанша әйел баласы ғана деп санасаң да, бәрібір сенімен тең дүниеге бір Алланың құдіретімен келген адаммын, пендемін ғой. Айтшы, осы сен кімге ғашықсың? Тек менен жасырмашы. Егер сен шыныңды айтсаң, шын мәнінде әлдеқандай біржақсы қызға ғашық болсан, онда мен тан алакеуімнен бұл үйден, мына төсектен біржолата зым-зия болуға дайынмын. Тек жасырмай айтшы, сырыңды. Мен саған ренжімеймін де, сені қарғамаймын да. Оған сертім мен Құдай алдындағы уәдем қашан да дайын, - деп қиыла сұрады.

- Айтатын не бар? – деді оған Айдынбек тіке қарай алмай, -бір сезім бар менде. Бірақ оның бәрі елес, бәрі жалған. Шын дейтін ештеме де жоқ екен бұл жалған жарық дүниеде.

- Бұл сөздеріңді қалай түсінуге болады? Сен не айтып кеттің? Сен менің жаңағы сұрақтарыма дәл жауап берсейші, Айдынбек? Кімге жолықтың? Әлде сені мұхит астында кезіккен бір елес мазалай ма? Сайтан дегенді біз тек жер бетінде ғана болатын сұрақсыз бейне деп жүрсек, ол бәтшағарың мұхит тереңінде екен-ау?

- Елес, Раушан, елес, дәл айтасың, - деді Айдынбек төсектен жартылай түрегеп, көрпесін кейін қарай сілкіп жіберіп әлденеден ерекше бөлек шошынғандай болып, - тап солай. Бірақ мен онымен жаңасқан жоқпын. Қолдарын да, нәзік саусақтарын да ұстап көрген жоқпын, түсінесің бе, Раушан?

- Мен бәрін де түсініп, бәрін де көз алдыма елестетіп отырмын, - деді Раушан көз шараларына еріксіз тығылған ыстық жасын сүйректей ғана сұқ саусақтарымен сүртуге шамасы келмей, еріне онысын білдіргісі келмей. - Тек шыныңды айтшы, жасырмашы менен. Мені де, өзіңді де бір түпсіз жұмбақ дүниеге түсіріп жіберіп қинамашы, өтінемін. Қажет десең мен кез келген мезетте жолыңды ашуға, ешқашан да саған кедергі келтірмеуге дайынмын!

- Қойшы, Раушан, ол не дегенің? Мен ешқандай қыз емес, әйел емес, тек елес көрдім. Соны түсінші. Ол небәрі сәуле болатын. Сондықтан да мен кей-кейде сандырактап «Сәуле» деп қала беремін. Маған бір салқын тиген де сияқты.

- Салқын тигеннен құдай сақтасын, жаным. Сонда сен қалай көрдің ол елесті, ол сәулені, айтшы дұрыстап . Оны сен жалғыз көрдін бе? Әлде кемедегілердің бәрі көрді ме?

- Бәріміз, Раушан, ол қыздың елесін бәріміз көрдік. Ол сүнгуір кеменің үлкен дөңгелек терезесі иллюминаторы арқылы жарық сәуле болып енді ішке. Содан соң оның галографиялық бейнесі пайда болды көз алдымызда. Галография болғанда, кішкене жарық жиынтығынан қыз бейнесі шыға келген. Ол өзі нәзік, орта бойлы, қыпша бел, бет-жүзі дөңгелек келген, қыр мұрынды әдемі екен. Қыз бейнесінің екі көзінен ерекше бөлек бір нұр сәулесі төгіліп тұрды. Бұрымдалған шашының ұзындығы сондай, ол тіпті еденде сүйретіліп жатқандай да болды. Біз соған қарап оны «Бұл немене өзі, аңыздан шындыққа айналған су перісі ме?» деп те қалдык. Су перісі дегеннен өзіңнің де хабарың бар ғой, Раушан. Оны көз алдына елестете бер...

- Содан соң не болды? Ол елес-қыз саған бірдеме айтты ма?— деді ұйкысы шайдай ашылған Раушан жастықтан басын тез көтеріп алып, Айдынбекке қадала қарап.

- Айтты, - деді Айдынбек, - көп нәрсе айтты.

- Не деді?

- Басқа тіл де емес, жай дыбыс та емес, сызылған бір әуенмен тіл қатқандықтан ештемені түсіне алмадық.

- Неге? Сүнгуір кемеде кез келген дыбысты сөзге айналдыратын күрделі тілмаштарың бар емес пе еді?

- Ол құралдарды қолдануға тырысып көрдік қой. Бірақ онан ештеме шықпады. Құралдардың ешқайсысы да көмектесе алмады. Өйткені, айттым ғой, қыз сөйлеген жоқ.

- Сөйлемегені қалай?

- Ол сөйлеген жоқ. Жаңа айтқанымдай ғажап бір үн шығарды, тап кәдімгі сыбызғының үні-ау!

- Үн?


- Иә, Раушан, ғажайып бір үн!

- Сонда ол қыз-елес су астының тұрғыны ма?

- Соны өзіміз де біле, түсіне алмадық.

Жатын бөлменің ішін тыныштық басты. Анадай жердегі арнайы үстел үстіне орнатылған электронды сағаттың жарык цифрлары ғана бұл қараңғылықты сәл ғана сейілтіп тұр. Раушан болмаса, Айдынбек қараңғылық атаулыға әбден үйренген. Су астына түсетін, су астында ұзақ жүзетін сүңгуір кеменің ішіндегі қараңғылық деген де оңай емес. Оған шыдаған адам ғана бара алмақ. Кеме ішіндегі жарық шамдар да шындап келгенде су түбі қараңғылығын сейілге алмақ емес. Оны көрмеген адамға, болса да осы бөлменің ішінін өзі де қорқынышты болып кеткендей болады. Айдынбек дәл қазір Раушанның бет – әлпетінен тек қана қызғаныш емес, ерекше бөлек бір үрейді де байқаған. Сөйтіп, енді әңгіменің бағытын басқа жаққа бұрғысы да келген. Бірақ енді Раушан үшін Жер бетіндегі бір де бір оқиға қызық емес. Сол тұрғыдан келгенде Айдынбекті сұрақ астына ала беруге деген ниет Раушанда ерекше бөлек орын ала түсті. Тергеушіден де жаман – ау.



  • Сонда қыз сендерге не үшін келді? – деді Раушан қайтадан жастыққа шалқалай жатып.

  • Қайдан білейін?!

  • Сонда ол қай кезде пайда болды сүңгуір кемеде?

  • Біз әуелде су астынан бір қарайған бөтен кемені көрген болатынбыз. Анау – мынау ғылыми – зерттеу жұмыстарымызды аяқтап болған бетте соның ізіне түстік. Оның бағытын анық білген едік. Сол кемеге жете бергенімізде өзіміздің кеменің ішінде әлгі бейне пайда болды. Бір ғажабы сәуле дейтін сәуле де емес. Кәдімгі бір жас та әп – әдемі қыздың өз бейнесі. Ол көз алдымызда тұрды. Әсіресе , оның отты жанарлары тұп – тура маған қадалған.

Раушан басын жастықтан қайта көтеріп алды.

  • Не үшін саған?

  • Қызықсың , Раушан. Онысын мен қайдан білейін?!

  • Неге мұншама өзгердің ендеше?!

Раушан ыстық көз жасынан мұнартқан үлкен қара көздерін Айдынбектің дәл

үстінен төндірді. Айдынбекке қашып тығылар жер қалмағандай еді. Тыпыр етіп қозғалуға да шамасы жоқ. Ештеме айта да алмаған. Ендігі шамасы көз алдындағы өмірлік серігі әрі жұбайы Раушан мен мұхит тереңінде өзіне ғашық көзбен қадалған елес – қызды ойша салыстыруға ғана жетті. Раушанға бұл кезге дейін қаншама жұмсақ мінезді, кешірімді деп қарап , солай санап келсе де, енді оның мұндай өзгермелі мінезін енді ғана аңғарды. «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген сөз де енді тап өзіне арнап айтылғандай екен. Раушан тек өзіне ғана сұлу екен. Раушанды ылғи да аяп кешіретін . Тек енді сол соңғы кездегі мұхит тереңіне ғылыми – зерттеу сапарындағы осы оқиғадан кейін еріксіз өзгерді. Сол бір елес-қыз , қолын ұстатып , құшағына енбеген қыз ерекше сезімін жаулап алған. Енді оған не шара? Енді Раушанның қанша ұнатса да, қанша аяса да мұхит тереңіндегі ол қыздың бейнесін көз алдынан еш кетіре алар емес. Айдынбек мұндай сезім шырмауына бұл кезге дейін еш беріліп көрмеген. Әйтпесе, бұл жарық дүниеде, тап өзі ғүмыр кешіп жүрген елде әдемі де ақылды қыздар аз ба еді? Солардың «аға» деп алдына түсіп зыр жүгіріп сыйлағандарына да ағалықтан ары аттамаған. Ал енді мұхит тереңіндегі бір елес-қыз өзінің ешқашан да шайқалмайтын шаңырағына дауыл жібергендей. Ол дауыл осы күнге дейін «Өмірдегі жалғызым» деп келген Раушанынан да алыстата бастағандай. Оған не десін. Не істеу керек?

- Өзім де түсінбеймін, Раушан. Осы сапардан кейін мына дүние маған мүлдем басқа болып кеткендей. Бәрінен көңілім қалған сияқты. Енді маган ғылым да, қызмет те, ештеме де керек емес сияқты.

- Сонда сен маған не демексің? Ғылыми зерттеу жұмыстарынан да бас тартамын демексің бе?

- Иә, солай етсем деймін, сен үшін...

- Неге мен үшін?

- Су астына енді түссем, әлгі елес-бейне қыз тағы кезікпей ме?

- Кезіге берсін. Сен оны зертте.

- Ол елес-қыздың көздері өте әсерлі. Ол маған тіке қараған кезде мен шыдап тұра алмаймын. Мені бірғажайып сезім құдіреті билеп кетеді, түсінемісің, Раушан?

Айдынбек осыны айтып бола сала әрі қарай аунап түсті. Раушан көп нәрсені сезді, білді. Бірақ білседе, сезседе еріне білдірмеуге тырысты. Түн ұйкысын төрт бөлгеннен ештеме де ұтпайтынын білді. Одан әрі мазаламады. Үнсіз күйінде өз ойы, өз арман-тілегімен іштей ғана арпалысып жата берді. Түннің бір уағы болып қалғаны да белгілі. Ғалым адамға тыныштық керек. Оны әйелдің әйелі ғана түсінеді. Айдынбектің ертеңгі жұмыстары да жетіп жатыр. Қайдағы бір мұхит тереңіндегі елес-қызды әңгіме етіп, бір сөзді мың айтып, бір сұрақты мың қойып Айдынбектің мазасын алғаннан ештеме де өне қоймас. Сондыктан да енді оны бостан-босқа мазалаудың жөні де жоқ сияқты. Оның үстіне Айдынбек өзінен ештемені жасырған жоқ. Бар шынын айтты. Оны енді кешіруге де болар. Раушан осындай бір тұжырымға келген. Ендігісін өзі біледі. Раушан неше қилы ойға батқан. Бірақ үндемеді. Шаршаған ерін енді мазалай берудің жөні де жоқ – ты. Айдынбек бала емес , ақыл тоқтатқан жан. Қырықтың алтысына келді емес-пе? Осындай жасқа келе тұрып , қайдағы бір бейнеге, елес – қызға ғашық бола қалды деудің өзі де ақылға қона қоймас. Оған ешқандай негіз жоқ. Ендеше неден қорқады? Раушанның қорқатыны да , аянышы да бір ғана нәрсе. Ол ерінің бұл жарық та , жалған дүниеде перзент көрмегені. Ол тек осы жағынан ғана бейтаныс қызға қарай қисайып кетуі мүмкін. Одан басқа не қауіп бар? Айдынбек әйел құмар еркек емес. Өзінің ғашығына мықтап берілгендіктен өзге әйелге назар аудармайды. Өзін солай ұстаса да Айдынбекке неге екені белгісіз, әйел баласы құмар-ақ. Егер ол оған құмарланса, онда оған жанаса кетуге даяр қыздар да табыла кетеді. Қыздар мен әйелдер оның ғылыми атағы мен жақсы тұрмысына қызығады. Осы жағын ойлағанда, Раушан ерін қыз атаулыдан қызғанып, кейде оларға ренжіп те қалады. Бірақ, бір кезде өзінің де дәл сондай , дәл солардай жас қыз болып, әлдекімдерге қызыққаның қалай ұмытсын. Адамның еңбегі мен атағы қашан да көп нәрсеге бөлек әсер береді емес пе? Халық құрметіне бөленген адамның не арманы бар екен?! Айдынбек ғылымда қанша атақты болса да, оның қаупі Раушанға оншалықты сезіле бермейді. Күнде жүріп – тұрып жатқан соң нені аңғарсын?... Оның мұхит тереңін зерттеп, онан ашқан жаңалығы ерекше бөлек дүние емес пе еді? Ал , Раушанның жөні бөлек. Ол үй – жай, тұрмыс, азық – түлікті көбірек ойлайды. Оған бұл өмір тек сонысымен ғана қызық та тәрізді.

Осындай ойлар Раушанды үнемі мазалаумен болған. Күндіз күні бойғы күйкі тірлікпен білінбейді. Жұмысқа барады. Қызметтестерімен араласады. Ананы – мынаны айтады. Әйелдердің әңгімелерінің басты тақырыбы да белгілі. Әдетте әйелдер қауымы қоғамда өсек таратқыштар деп танылады. Ал негізінде олардың бір – біріне көп айтатыны үйдің жайы. Баланың жайы, оның киім – кешегі, тамағы мен кірі және басқалар. Ал ерлер ол мәселеге тоқталмайды. Олардың айтатыны ғылым жаңалықтары, кімнің қандай жетістікке жеткен , қалай қызметке өскені. Міне , осындай нәрселер.

Раушан осылайша бірінен соң бірі өз-өзінен құйылып келігі жатқан ой толқынынан шыға алмай, болмаған соң терең ұйқыға кеткен ерінің бет-жүзін шолды. Түн шамының әлсіз жарығы мен оның қиғаш түсіп тұрған мардымсыз сәулесінен Айдынбектің бет-әлпеті ерекше өзгеріп, ерекше іріленіп кеткендей. Бетінің бір жағы қарайып, мұхит тереңінің қараңғылығына үйлесім тапқандай. Егер дәл қазір оның жанында Раушанның өзіндей бір ерінің жан-дүниесін терең түсінетін жан болмаса, онда дәл осылай онымен қатар жатудан сескенер де еді. Ал Раушан үшін онан ыстық, онан жақын жан жоқ бұл дүниеде. Айдынбекпен қатар қызмет жасайтын адам оның көп сөйлемейтін сүсты жүзі мен мінез-кұлқына қарап, оның қатаң адам екенін, нағыз бас ие екенін сезінеді қашан да. Айдын- бектің көңілінің соншама дархандығы, оның отбасына соң- шамажайлы екенін де түсінеді. Ал бірақ, өзі жөнінде өзгелердің осындай ойда екенін Айдынбек аңғарған емес. Әйел баласымен жақын әңгімелесе қалғанда да Айдынбек өзін одан белгілі бір қашықтықта салқын ұстайды. Достық, сыйластық шеңберінен асырмайды. Ол отбасы бар адамға керек те. Ал Айдынбектің кейбір замандастары өзін ондай дәрежеде ұстай алмай, нәпсі дегенге беріліп те кетеді. Өзіне ыңғай берген ия қызға, ия келіншекке ерік беріп, отбасының жүрегіне қаяу түсіріп алып та жатады. Олармен салыстырғанда Раушанның өмірі пер- зентсіз болса да шүкіршілік. Раушан бұл жағын да ойлаған. Раушанды мазалайтын тек бір мәселелер ғана емес. Ой шіркін, толғаныс шіркін, бір түннің үлесімен тәмамдалған ба?!

Ері сапарға кеткенде осыларды ойлап күні-түні толғаныспен жүрсе, ал, түн тыныштығында осылайша ой шырмайды. Екі жағы да ауыр. Өмірдің осындай күрделі де, сұраққа толы сәттеріне кейбір жеке адамдар, кейбір отбасылардың мүшелері төзбей жатады. Ал өмір деген - уақыт, ол тоқтамай жылжып, жаңалығын лек-легімен әкеліп отырады. Бірдемеден бүгін ұткан адам енді бірде екінші бірдемеден ұтылады. Әйел заты қашан да көп нәрсенің мәнін аша біледі. Тек олардың ішінде де қателесетіндері аз емес. Көп-ақ. Раушанның ойы осылайша шартарапқа шашылған. Енді бірде оның ойы Айдынбек суреттеп айтып берген мұхит тереңінің қорқынышты кеңістігіне қарай да ауады. Егер Айдынбек сол қорқынышты да қатерлі ортадан біржолата кетсе, Раушанға жақсы болмақ. Тек одан кеткеннен кейін Айдынбек мынақұрлықта немен айналыспақ? Жеп отырған нандарынан айырлмақ па? Одан не ұтады?! Раушанның бар қорқатыны сол мұхит тереңіндегі әлгі елес – қыз ба? Осы кезге дейін ол сонда жүрер ме? Әлдеқашан – ақ зым – зия жөніне жоғалған болар – ау. Оның үстіне өзі қылшылдаған жігіт шағынан білетін Айдынбек әйелқұмар ма еді?Құмар болса , ол әлдеқашан – ақ осы елден – ақ нақсүйерін тауып алмай ма? Олай емес. Ендеше , оған айтқан сөзі дұрыс сияқты. Ол жұмысымды , зерттеулерімді тоқтатамын дегенде, жоқ, жалғастыра бер деп өтінген жоқ па еді. Енді сол сөзінде тұруы тиісті. Раушан осы ойдан кейін сәл саябырланды. Түннің бір уағы болған соң ба ұйқы да қыса бастаған. Өзін – өзін осылайша күрделі ойлардан жұбатқаннан кейін Айдынбекпен қатарласа жатып, көздері жұмылып , ұзын да нәп- нәзік әдемі кірпіктері айқасты.
Құпия ұйғарым

Алып жұлдыз төңірегіндегі тіршілікті ғалымшардан келгендер мұхит тереңін ұзақ зерттеді. Өздеріне не қажеттің бәрін де жасады. Өздері келген ғаламшардың табиғат байлығы әлдеқашан таусылуға айналған. Содан осындай шұғыл сапар жұлдызды әлемге басталып та кеткен. Сол сапар иелерінің бірі өздері еді. Бірақ өздеріне аса пайда келтірмейтін бір жан бар еді араларына. Ол басшының көбіне жүк – тін. Өз елдерінде әйел атаулығы деген көзқарас мүлдем бөлек-ті. Оларға хайуанаттарша қарайтын. Олардың біріне үйленіп, онан қайта ажырасып, тағы біріне қосылып, олардан тапқан балаларын тастап – тастап кете баратын. Бұл хайуанаттарға тән көрініс болса да, ғаламшар тұрғындары өздерін: «Біз өте жоғары дамыған адамдарымыз. Мәдениетіміз мол», - деп санайтын. Сол «мәдениеттің» астарында олар небір сойқан істерді жасап та жатады.

Адам баласын қарумен жою, бір – біріне қастандық ұйымдастыру, ұрлау, тонау, өртеу, жойып жібері әрекеттерін, өкінішке орай, олар сол мәдениеттің жетістігіне жатқызады. Алғашқы кезеңде, адам баласы әлі жартылай жалаңаш жүрген кезде қастандық әрекеттері аса қатерлі емес еді. Келе – келе от жағуды үйренді, үй салды, мал ұстады. Ал кейіннен даму ерекше қарқан алды. Адам өзінің көшірмесін жасай алатындай дәрежеге жетті. Бәрі де жақсы еді. Адам болған соң, саналы тіршілік иесі болған соң, олай болмай қайтсін. Бұл заңды да еді. Бірақ қандай да бір нәрсе үшін жанталасудың соңы басқаша бөлек бір сипатқа ие болып та кетіп жатады. Өздері сырт жаудан қорғану үшін деп ойлап тапқан қарулар кей жағдайда, тіпті, көп жағдайда елдің ішіндегі келеңсіз да қайғылы оқиғалардың себепкері болып жатады. Ондай жауыздық әрекеттер техниканың жедел дамуына әкеліп соқты. Ал оның нәтижесінде ұлы табиғаттың бет – әлпеті адам танымастай бір халге жетті.

Ендігі жүрістері мынау. Қиыр кеңістіктегі бір жұлдыз жүйесіндегі тып-тыныш жатқан бір ғаламшардың елін мазаламақ. Әйел атаулы қашан да бұл дүниедегі табиғат атаулыға жанашыр. Кемедегі қыз да сондай жан еді. Ол сапар барысында да, осы мұхит тереңіне түскеннен кейін де бұл табиғатқа жасамақ болған талай-талай қастық істеріне үлкен батылдықпен тойтарыс берген. Ақыр аяғында қыз бейтаныс бір кемедегі жігіттен өзіне қорғаныс тапқандай күйге көшкен. Үнемі мең- зең. Өз елінде жүргенде де, кеме ішінде де жігіт атаулыға қатаң қарайтын. Ендігі өзгерісі адам танығысыз. Мұндай мінез- құлықтың пайда болуына оның осы ғаламшардағы қыз, әйел атаулылармен етене болмаса да, кемедегі күрделі телевизиялық радио байланыстар арқылы естіп-көргендері ерекше әсер еткен болатын. Басшы оған қаншама қарауыл болып, оған тыйым саламын десе де, енді шарасыз. Өзі келген ғаламшардан алған тапсырмалары да жетіп жатыр. Оларды да уақыт жоғалтпастан орындау қажет. Басшы о баста, өз ғаламшарларынан аттанбай тұрғанда кеме қабырғасына қыз, әйел затын алуды қаламаған болатын. Бірақ оған ғалымдар көнбеген. Әйел заты қашан да ер адамның қате тұстарын түзетуге себепкер. Қызды осы мақсатта қосқан болатын. Сол қыз енді, өкінішке орай өзіне қарсы шықты.

Басшы өткенде осы кемедегі сапарластарының алдағы тағдырларын айнадағыдай анық етіп айтып беретін арнайы күрделі құрал арқылы көп нәрсені біліп алған болатын.оның бәрін де ол оңаша жасаған. Сонда қызық болғанда осы жалғыз қыз ғана іштерінде ұзақ жасайтын пенде юолып көрінген. Ал қалғандары қандай да бір күтпеген апаттан түгелдей мерт болмақ. Олардың ішінде өзі де бар. Бұл көрініс басшыға қатты батқан. Басшы ол апаттың не екенін, неден туындайтынын дәл біле алмады. Көңіл – күйі де күрт түскен. Ал ана бейбақ , әрі бақытты қыздың ойында ештеме де жоқ. Ол қыздың ойлайтыны сол бір бейтаныс су асты кемесіндегі мүсінді жігіт пен оның болашақ тағдыры ғана. Басшы енді араларындағы осы жалғыз ғұмырлы қыздан қалай арылудың жолын да қарастыруды ойлаған. Ол үшін көптеген шұғыл әрекеттерді де ұйымдастыру қажет еді. Сол құпия іске көп кешікпей – ақ кірісіп те кеткен. Басшы о бастан – ақ отбасын құруды қаламағандықтан әйел атаулыға суық қарайтын. Бірақ әйел затының жол – серік болып ақыл – кеңес бөліскеніне аса қарсы бола қоймайтын. Оған қыз ыңғай бермеді. Оның ықылас – ынтасы, өкінішке орай, сыртқа ауды. Қыз басқа бір жігітке ғашық болды. Сөйтіп, басшының бұл ойлағаны да жүзеге аспады. Қыз қатты өзгерді. Ешқайсысын да қаламады. Онысы не еді, азғындағы ма еді. Егер қыз осы құрамдағы бір жігітпен көңіл қосса не болмақ, басшы қалай күн көрсетпек? Қыз осы жағын да ойлаған. Қызғаныштан туған қақтығыс сонда күшеймек.

Басшының өзі де бұл жағдайдың жақсылыққа апарып соқпайтынын сезген. Ол енді ойлана – ойлана келе тек жігіттерді ғана құпия мәжіліске жинады.

-Біз елден алған тапсырымызды толығымен орындадық, - деді ол қоңыр даусымен өз тілдерінде сөйлеп, - енді елге оралатын уақыт та таяды. Бірақ арамызда бір жан бар. Оған біздің дүние қорлығымыз ұнамайды. Бізбен тіл табысқысы келмейді. Өздерің білесіңдер, ол қайсысыңа жүрек сезімін бұрды. Ешқайсысыңа да. Сондықтан да ол қыз бәрімізге ортақ жан. Менің ендігі ұйғарымым мынау. Біз бұл қызды осы мұхит тереңінде, бөтен ғаламшарда біржолата қалдырамыз. Онан кейінгі тағдырын өзі көре жатар. Ол біздің ісіміз емес. Шешім осы. Кімде қандай сұрақ немесе ұсыныс бар?

Басшының төңірегіндегілердің көкейлерінде неше қилы сұрақтар мен ұсыныстар бола тұрса да ләм – мим дей алмайды.

Бәрі де келісетіндерін білдіріп бастарын изеген. Мәжіліс сонымен тәмам болды. Тез бітті. Ал, қыз мұның мәнісін басқаша ойлаған. Ол: «Мен қатыспайтын, тек ерлерге тән бір құпия әңгіме болар. Қанша дегенмен де ер адамдар емес пе?» - деп қана іштей топшылаған. Өзі де солай сияқты еді. Оның үстіне жігіттер көңілді тарады. Бұған дейін олардың әрқайсысы кезіккенде бір әзіл сөз айтып та қоятын. Бұл жолы бәрі де өзгерген. Қыз жетім қалған қозыдай жәутең қағады. Аң-таң. Жігіттердің әдеттегі өзіне деген құрметтері де күрт тыйылғандай. Қыз кәдімгідей қиналды. «Бұлар өзгерейін депті. Әйелге деген құрметті мойындағандарығой бұл. Рахмет бұларына. Жер адамдарының әйел баласына деген құрметтерінің ыкпалы тиген ғой шамасы», — деп те ойлады ішінен.

Сөйтіп уакыт зымырап өтіп жатты. Өткенде де секундтап. Онымен санаспасқа тағы да болмайды. Жұлдыз аралық сапар болса да тек қана уақытпен санасады. Басшы да тыпыршыған. Ол арнайы жасалған күрделі түсіру-жазу кұралы арқылы әлгі бейтаныс кемедегі мүсінді сүлу жігіттің бейнесін анықтап жазып алған. Сонан соң миығынан күліп: «Сен ғашық болған қызды біз осында біржолата қалдырып кетеміз. Ол енді саған да жоқ, бізге де болмайды», — деп қойды. Басшының жоспары бойынша, су астында үлкен серуен-саяхат ұйымдастырылады. Содан соң бір мезетте қызды адастырып тастап кетеді де, өздері кемелеріне тез-тез мініп алып, өз ғаламшарларына аттанып кетеді.

Басшы осы жоспарын жүзеге асырғанша дамыл таппады. Ол соңғы кездерде дамыл да таппай кеткен. Оның бұл іс-әрекеттері мен жүріс-тұрыстарын қызда сезген еді ішінен. Бірақ қыз оның бәрін де жамандыққа жорымаған. Сонша уақыт бір кемеде болып, соншама сапар шегіп, қиындықты бірге кешкен достарынан жамандықты қалайша күтсін. Сондықтан да ол бұрынғысындай алаңсыз ғана еді. Оның үстіне әлгі бір жұмбақ кеме мұхит бетіне қарай көтеріліп кеткеннен кейін тыныштық орнаған. Қыз содан соң-ақ тек өз міндетін атқарып, тек соны ғана ойлаумен болған. Басшы ол отырған болмеге кіріп келгенде еріксіз орнынан тұрып кетті. Қасындағы жігітке қарап қойды. Басшы тіл қатардан бұрын бөлме ішін әдеттегіше көзімен мұқият шолып өтті. Содан кейін қыз ұнатып жүрген бейтаныс дабылды тексерді. Айналада бөтен кеме жоқ екен. Ол қызды адастырып кетуге жақсы жағдай тудырмақ. Басшының кенеттен көңілдене қалғанының бір сыры да сонда-тын. Қыз болса , оның алдында тор ішіне оны жеуге жіберілген тажал жыртқыштың дәл алдында тұрған көжектей кейіпте. Айырмасы тек қатты дірілдеп – дірдектеп қорықпайды. Саналы . Қыз осындай күйде тұрып – ақ басшының не айтқалы тұрғанын жақсы сезе қойды.

-Біз барлық жоспарымызды толығымен орындадық, - деді басшы қызға қадала қарап тұрып, - елге ораламыз. Соның алдында біз мына ғажайып мұхит тереңінде біршама мезгіл серуен – саяхат құруды жөн деп таптық. Иә, мұндай ғажайып су асты әлемін жақсылап, асықпай көріп алғанға не жетсің?! Мәжіліске шақырмағанымызға ренжіме. Арасында тек ерлерге тән әңгіме де бар еді. Сол себеппен шақыра алмадым сені. Негізгі шешкен мәселеміз жаңағы. Серуеннен кейін елге тіке аттанып кетеміз.

- Мен оған қарсы емеспін, - деді қыз әдемі әуенді үнімен сызылта тіл қатып, - келгенімізге біршама уақыт болса да, бұл ғаламшардың ғажайып табиғатына еш тойған емеспін. Серуен – саяхат деген де бір ғажайып нәрсе емес пе? Оны кім ойлап тапты десеңші?!

- Әрине, мен, - деді басшы ішіндегі жаман жоспарын жасырып, жас қыздың ботадай әдемі көздерінен жүзін еріксіз тайдырып әкетіп, - маған да мына ғажайып табиғи орта ыстық. Мұны көргеннен кейін расында да , тіпті , елге де қайта оралғың келмей кетеді екен.

- Қысым да үйреншікті, - деп сөзге араласты әуенді тілмен қыздың қасындағы жігіт, - қараңғылық та біз үшін ештеме емес. Қуатты бағытшамдарымыз мұнан да тас қараңғы ортаны сейілтіп жіберген жоқ па еді? Мен де қатты қызығамын бұл ортаға, бәлкім, тағы бір ғажайып бірдемелер, бөтен кемелер кездесер?

- Бұл ойын дұрыс, - деді басшы әуендете, - осы аз ғана уақыттың ішінде мұхит тереңін бес саусақтай біліп шығу ақылға қонымсыз. Біз өзіміз, мейлінше жылдам жүре де, жүзе де аламыз. Ал сүңгуір кемеміз болса да жүйрік. Бірақ соған қарамастан мұхит тереңін түгел шарлап шығып үлгіремін деу ағатық. Жылдам жүзсек, кеменің асты мен үстіндегі көріністерді байқап-барлап үлгермейміз. Жүлдыз аралық кемемен кеңістікте жылдам ұшқанда да солай ғой. Сондықтан да неғұрлым мұхит тереңінде емін-еркін қозғалсақ, байыппен жүзсек, онда көп нәрсені көріп, көп нәрсені көңілге тоқимыз. Бұл - анық. Көп нәрсенің куәсі мен куәгері болатынымыз да хак.

- Менің бұл серуен-саяхатқа деген қызығушылығым шексіз, - деді кыз жіңішке ғана әуенді үнімен, - серуен-саяхат қашан да менің бакытым. Кім біледі, серуен-саяхат барысында тағы да бір бейтаныстарды кезіктірерміз?

- Оған келтірер шүбә жоқ. - Басшы бұл сөзді ішінен жақтырмай, жігітке ұрлана бір қарап қойды.

Ол үндемеді. Ішінен бар зұлым жоспарды біліп-сезіп тұрса да, қу жаны үшін тіл қатпады. Сыр ашпады. Екеуінің ортасында тұрған қыз ғана жалтақ-жалтақ қарайды. Ештеменің байыбына бара алмайды. Басшы қызға тура қарай алмайды. Оған дәті де шыдар емес. Егер тура қараса, қыздың отты көздері оның арсыз көкірегін күйдіріп жібергендей де болар еді. Денесі де шымырлап жөнелмек. Бірақ ол махаббат сезімі емес. Мүлдем басқаша ниет. Қыз да оны сезеді. Кемедегі жігіттердін ешқайсысына да тіктеп қарамайтыны да содан. Қыздың осы ерекшеліктері мен қасиеттері жігітерді қаймықтыратын да. Жігітгер өз елдерінде дәл мұндай мінезді, ерекше қасиетті қызды ешқашан да кезіктірмеген. Кемеде кездестіріп отыр. Енді, оның қандай қылығына да төзуге дайын. Оның үстіне онан біржолата арылатын уақытта таяған.

Шамалы үнсіздіктен соң кеме басшысы сөз алды. Ол сөзін сабырлы үнмен былай деп жеткізді.

- Уақыт жоғалтпайық. Қайтатын мезгіл таяп қалды. Мұндағы тәуліктің өз ғаламшарымыздан әлде қайда жылдам өтетіні белгілі. Жоспар айқын. Енді уақытты созбай серуен- саяхатқа дайындалыңыздар. Мұны басқа бөлімдегілерге де хабарлаңыздар. Сөз осымен бітті. Арнайы су асты киімдерінді киіндер. Косымша өттегілік жүйе ұмытылмасын. Ол бірі істен шыққанда, еріген өттегіні құрғақ оттегіге айналдыруға қажет. Ал, енді іске кіріселік.

Басшы осыны әуенді үнмен жеткізген соң болмеден жайымен ғана шығып кетті. Бөлме ішінде жігіт пен кыз ғана бір- біріне үнсіз қараған күйде тұрып калды.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет